20:17, 04 Наурыз 2009 | GMT +5
Парижде «Қазақстан-Франция» ынтымақтастығы бойынша парламенттік топтың жұмыс сапары өтуде
ПАРИЖ-БРЮССЕЛЬ. Наурыздың 4-і. ҚазАқпарат /Ержан Оспанов/ – Парижде ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары Жәнібек Кәрібжанов басқарған «Қазақстан-Франция» ынтымақтастығы бойынша парламенттік топтың жұмыс сапары өтуде,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.Сапар барысында қазақстандық парламенттік делегация Францияның Ұлттық Ассамблеясының басшыларымен және «Қазақстан-Франция» достығы парламенттік тобының өкілдерімен, бірқатар министрліктердің, сондай-ақ француздық компаниялардың басшыларымен кездесу өткізеді. Атап айтқанда, ағымдағы жылғы наурыздың 3-і мен 4-і аралығында біздің парламентшілер, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Франциядағы Елшісі Мұрат Тәшібаев Үкімет сағаты кезінде Францияның Ұлттық Ассамблеясының отырысына қатысады, Ассамблея төрағасы, Халықаралық істер жөніндегі комитетінің төрағасы Аксель Понятовскиймен, Бернар Аккуаймен, Францияның Ұлттық Ассамблеясы төрағасының орынбасары Марк Лафинермен, сондай-ақ Францияның экономиканы қалпына келтіру бағдарламасын іске асыру министрі Патрик Деведжянмен кездеседі. Келесі күні ҚР Парламенті Мәжілісі Төрағасының орынбасары Жәнібек Кәрібжанов пен біздің республикамыздың басқа да өкілдері ҚР Елшілігінің қолдауымен Президент Николя Саркозидің басшылығымен өтетін «Қазақстан ? Еуропадағы стратегиялық әріптес» форумына, сондай-ақ Ұлттық Ассамблеяның ғимаратында өтетін «Еуропаға жол» арнайы Мемлекеттік бағдарламасының таныстырылымына қатысады.Сонымен қатар, қазақстандық парламентшілер наурыздың 6-сында Францияның жетекші өнеркәсіп орталықтарының бірі ? Тулуза қаласында орналасқан әлемдік авиағарыш алыбы ? EADS компаниясы топтарының офистерінде және кәсіпорындарында болады.