Парижде қазақстандық аспаз өз қолынан шыққан тағамдарды ұсынады
АСТАНА. KAZINFORM - Париждегі беделді рейтингке ие «Frederic Simonin» мейрамханасында қазақстандық шеф аспаз Артем Канцевтің қолымен дайындалған түскі ас ұсынылады. Бұл туралы Kazinform-ның меншікті тілшісі хабарлайды.
Бұл іс-шара қонақтары екі аспаз бір уақытта дайындаған тағамдардан ауыз тиеді. Аспазшылар -Фредерик Симонин мен Артем Канцев.
Фредерик Симонин әлеуметтік және экологиялық гастрономияны насихаттай отырып, халықаралық сахнада француз тағамдарын танытып жүрген аспаз. Ол - 2020 жылы Француз ұлттық аспаздық академиясының әдеби сыйлығын жеңіп алған және «Адал аспаздың ас үйі» кітабының авторы.
Артем Канцев Қазақстанға танымал. Ол өз жұмысында заманауи технологияларды, трендтерді, Қазақстан аймақтарындағы дәстүрлі және жергілікті өнімдерді біріктіріп, өз клиенттеріне ерекше гастрономиялық тәжірибесін ұсынып, қазақ тағамдарын жаңа қырынан таныстырады.
«Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы айдың басында Парижге жасаған сапарынан кейін Қазақстан мен Франция арасындағы қарым-қатынасты одан әрі нығайту мақсатында, Франциядағы «Qazelles» қазақ әйелдер қауымдастығы гастрономиялық дипломатия жобасын қолға алды. Бұл бірегей жоба — «мишлен» жұлдызына ие мейрамханамен бірлесіп жүзеге асырылуда. Бұл Қазақстанның қонақжайлылық индустриясы үшін үлкен қадам болмақ. Жоба аясында екі елдің мәдениеті жақындасып, болашақта Францияның үздік мейрамханаларымен тығыз ынтымақтастық орнатылады деп үміттенеміз.» - деді Франциядағы қазақ әйелдері қауымдастығының президенті Лариса Инджуджян.
Айта кетсек, Париж тек Францияның емес, бүкіл Еуропаның аспаздық орталығы саналады. Гурмандар бұл қалаға әлемнің әр түкпірінен арнайы келеді. Кейбір ғасырлар бойғы тарихы бар мейрамханаларда аспаздық өнер биік дәрежеде, ал тағамдары өнер туындыларына айналған.