Парижде Қазақстандық делегация EXPO көрмесін өткізу аумағының 3-D форматындағы моделін ұсынды

АСТАНА. 22 қараша. ҚазАқпарат - 22-23 қараша күндері аралығында Парижде Халықаралық көрмелер бюросы Бас ассамблеясының 150-ші сессиясы өтуде, деп хабарлады ҚР Экономикалық даму және сауда министрлігінің баспасөз қызметінен.
None
None

Халықаралық көрмелер бюросының мерейтойлы 150-ші Бас ассамблеясында қазақстандық делегация EXPO-2017 Халықаралық мамандырылған көрмесін өткізуді қабылдаушы мемлекет позициясына үміткер ретінде өз кандидатурасын қорғауда. Өзінің тұсаукесерін Бельгия да ұсынбақ, оның Льеж қаласы осы көрмені өткізу құқығына ие болуға үміттенуде.

Қазақстан делегациясын EXPO-2017 жобасы Ұйымдастыру комитетінің төрағасы, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеев басқаруда. Сондай-ақ делегация құрамында Қазақстан Республикасының Экономикалық интеграция істері жөніндегі министрі Жанар Айтжанова, EXPO-2017 Халықаралық мамандырылған көрмесін өткізу құқығына Астана қаласының өтінімін жылжыту және ілгеріту жобасының Ұлттық үйлестірушісі, ҚР Сыртықы істер министрлігінің жауапты Хатшысы Рапиль Жошыбаев, Астана қаласы әкімінің орынбасары Қанат Сұлтанбеков бар.

Өзінің 30 минуттық тұсаукесерінде Қазақстан тарабы EXPO көрмесін өткізу аумағын 3-D форматындағы моделін ұсынды. Ал ХКБ делегаттары Астананың инфрақұрылымдық мүмкіндіктері жайында біліп қана қоймай, Қазақстан елінің осынау кең көлемдегі көрмені өткізуге дайындығы туралы хабардар болды.

Қазақстан Республикасы әлемдік қоғамдастыққа EXPO-2017 көрмесін өткізу барысында "Болашақ энергиясы" атты тақырыпты ұсынады. Аталған тақырып қазіргі кезде адамзат үшін өзекті мәселеге айналып бара жатқан энергия сақтау проблемасын ашып көрсетуге мүмкіндік берері сөзсіз.

Қазақстандық делегациясының басшысы Ө.Шөкеевтің айтуынша, «Болашақ энергиясы" тақырыбы Қазақстанға жаңа технологияларды тартудың жақсы жолы, сондай-ақ ғылыми-техникалық ойды дамытуға түрткі болары сөзсіз.

Біздің ел 14 жылдан бері Халықаралық көрмелер бюросының мүшесі болып келеді, осы уақыт аралығында Қазақстан өзін белсенді қатысушы ретінде көрсетіп, Аичи, Сарагоса, Шанхай қалаларында өткен көрмелерді нәтижелі өткізуге қомақты үлесін қосты. Қазір Қазақ елі Кореяның Ёсу қаласында өтетін EXPO-2012 көрмесіне дайындалу үстінде.

Еліміз EXPO-2017 көрмесін өткізу құқығын иеленсе, бұл Қазақстанның халықаралық деңгейде алға жылжуында үлкен қадам болмақ. Ұсынылып отырған EXPO-2017 көрмесі 3 айға - 2017 жылдың 10 маусымынан 10 қыркүйегіне дейін созылады деп жоспарлануда. Көрмеге әлемнің 100-ге тарта елі мен 10 халықаралық ұйым қатысады, көрмеге 5 миллион адам келеді деп күтілуде.

Соңғы жаңалықтар