Парижде Мәдениеттер жақындастығының халықаралық онжылдығының (2013-2022) Іс-қимылдар жоспарын жүзеге асыруға арналған халықаралық конференция өтті

Бұл туралы ҚР СІМ баспасөз қызметі хабарлады.
Шараның ресми ашылуында ЮНЕСКО бас директорының әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар жөніндегі орынбасары Нада Әл-Нашиф ханым мен Төтенше және өкілетті Елші, Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО жанындағы тұрақты өкілі Нұрлан Дәненов сөз сөйледі.
ЮНЕСКО басшылығы аталмыш ғаламдық бастаманы ілгерілетудегі Қазақстанның ерекше рөлі мен қолдауын атап өтті. МЖХО-ның ресми ашылуы 2013 жылғы тамызда Астанада ЮНЕСКО бас директоры Ирина Бокованың және БҰҰ Бас хатшысының өркениеттер альянсы жөніндегі жоғары өкілінің қатысуымен өтті. Әлемнің 110 мемлекеті өкілдерінің қатысуымен тұңғыш рет Ұйымның штаб пәтерінен тыс ұйымдастырылған ЮНЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссияларының мәжілісі (2014 жылғы шілде, Астана) МЖХО-ны кеңінен көпшілікке таныстыруға септігін тигізді.
Н. Дәненов конференцияға қатысушыларды Қазақстан қоғамында мәдениетаралық және дінаралық диалогты, сыйластық пен төзімділік ахуалын және тұрақтылықты қолдауға бағышталған ұлттық деңгейдегі және Елбасы Н. Ә. Назарбаев бастамасымен қолға алынған шаралар жөнінде хабарлады. Осыған байланысты МЖХО идеялары мен Іс-қимылдар жоспарын жүзеге асыру үшін тәжірибелік үлес ретінде қарастырылып отырған алдағы маусым айында болатын Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының V съезіне назар аударылды.
МЖХО-ның табысты болуының негізгі факторы ретінде елдердің оны өткізуге тікелей қатысуы, ұлттық, аймақтық және халықаралық деңгейде әртүрлі жобаларды жүзеге асыру екендігі баса айтылды. Конференцияға қатысқан «Мәдениет» қорының төрағасы Олжас Сүлейменов сарапшыларға ЮНЕСКО қамқорлығымен жүзеге асырылып жатқан «Халықтардың ұлы көшіп-қонуы» атты қазақстандық жобаны таныстырды. Адамзаттың ғаламшарда жайғасуын жан-жақты зерттеу қажеттілігінің тиісті дәлелдемелік негіздемелері баяндалды. Бұл жобаны іске асыру, оның қорытындылары мәдениеттер мен халықтарды жақындастыру күрделі үрдісіне, бейбітшілікті нығайту мен тұрақты дамуды қамтамсыз ету ісіне маңызды көмек бола алады.
МЖХО-ға арналған бірінші сарапшылар конференциясының қорытындысы МЖХО Іс-қимылдар жоспарын жүзеге асыруға байланысты 2015-2017 жылдар аралығындағы қысқа кезеңдегі басымдықтарды анықтау бойынша Жол картасына енгізілетін болады.