Парижде наразылық кезінде 855 адам ұсталды

АСТАНА. KAZINFORM — Париж полициясы 17 қазандағы наразылық акцияларына қатысқан 855 адамды ұстады. Франция полициясы ұсталғандар саны рекордтық көрсеткішке жеткенін мәлімдеді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Парижде наразылық кезінде 855 адам ұсталды
Фото: видеодан алынған скрин

Полицияның мәліметінше, оқиғалар кезінде 13 полицей мен екі өрт сөндіруші зардап шеккен. Сонымен қатар наразылыққа қатысушылардың бірі қайтыс болды. Оның өлімі полиция қызметкерлерінің әрекетіне байланысты емес. Ол жүрек жеткіліксіздігінен көз жұмған.

Полиция қалада жаппай тәртіпсіздік кезінде тек тонаумен айналысуды мақсат еткен адамдардың саны артқанын да атап өтті.

Париж мэрінің бірінші орынбасары Ламия Эль Аараже қалада бұрын-соңды болмаған зорлық-зомбылық деңгейі тіркелгенін айтты.

— Біз әлеуметтік талаптарға да, күні бойы бейбіт шеруге шыққан мыңдаған демонстрантқа да еш қатысы жоқ жүйелі тонау әрекеттерінің куәсі болдық. Бұл — нағыз қасірет, — деді ол Franceinfo телеарнасының эфирінде.

Кәсіподақтардың мәліметінше, 17 қазанда Франция бойынша 800 мыңнан астам адам көшеге шыққан. Париж, Ницца, Тулуза, Лион, Бордо, Марсель, Нант, Ренн және Гер қалаларында жаппай шерулер өтіп, полициямен қақтығыстар болған.

Айта кетелік Париж көшелерін тазалауға коммуналдық қызметкерлер үш есе көп жұмылдырылған еді.