Парижде спортшыларымыздың денсаулығына жауапты қанша маман бар - Бас дәрігердің жауабы
ПАРИЖ. KAZINFORM – Жер бетінде адам денсаулығынан бағалы, ғұмырынан биік ештеңе жоқ. Спортшыларымыз да сау денелі болғанда ғана биік белестерді бағындыра алады. Жарыс бар жерде жарақат та болып жатады. Ондай жағдайда спортшыларымызға кімдер, қандай дәрігерлер қол ұшын созып жүр?

Бүгін kazinform тілшісі осы сұрақтарға жауап алу үшін Париж Олимпиадасында жүрген Спорт және туризм министрлігінің Ұлттық спорттық медицина және оңалту орталығы Олимпиада ойындары медштабының бас дәрігері Берік Қыңырбековпен арнай сұхбаттасқан еді.
- Берік Бейсембайұлы, Олимпиада ойындарына келген спортшыларымыздың денсаулығына жауапты бас дәрігер екенсіз. Спортшыларымызға сіздердің тараптан қандай көмектер жасалып жатыр?
- Жалпы соңғы Токио Олимпиадасы ойындарынан кейінгі Париж Олимпиадасына дейінгі циклдік мерзімде ұлттың құрама спортшыларына «Ұлттық спорттық медицина және оңалту орталығы» қысқаша орталық тарапынан орасан зор жұмыстар атқарылды. Өздеріңізге мәлім, барлық жаздық олимпиадалық спорт түрлерінен Олимпиада лицензиясын иемдену үшін түрлі оқу-жаттығу жиындары, түрлі әлемдік және республикалық деңгейде спорт жарыстары өтті.
Солардың барлығында біздің орталықтың дәрігерлері мен емдік уқалаушылары (массажист) өз үлестерін қосқан болатын. Соның ішінде біріншіден - медициналық-биологиялық қамтамасыз ету, соның ішінде фармакологиялық дәрі-дәрмекпен жабдықтау және мамандармен қолдау, екіншіден - жылына екі рет тереңдетілген медициналық тексерістен өту, үшіншіден - команда дәрігерінің тағайындауы бойынша, сондай-ақ команда басшыларымен, бас жаттықтырушымен келісілген кезеңдегі медициналық тексерістен өту, төртіншіден - орталықта және орталықтан тыс жасалған жарақат, сырқаттардан кейінгі қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу, бесіншіден - ірі лицензиялық турнирлерде, Әлем және Азия чемпионатында писихо-эмоционалдық қолдау, алтыншыдан - Париж Олимпиадасына лицензия алған спортшыларға толыққанды мамандармен, медико-биологиялық, фармакологиялық көмек көрсету жұмыстары кіреді.
- Жалпы Олимпиада ойындарына қанша дәрігер, қанша массажист келдіңіздер?
- Олимпиада ойындарына Спорт және туризм министрлігі «Спортты дамыту дирекциясы» тарапынан дәрігерлерге үлкен қолдау білдіргенін көріп отырмыз. Өйткені соңғы Токио 2021 Олимпиадасымен салыстырғанда спортшыларға қолдау ретінде келген дәрігерлер мен массажисттер саны бірнеше есе көп. Нақты айтқанда олимпиадалық ауылда жалпы 12 маман бар. Олар: бас дәрігер - 1, дәрігерлер - 5, дәрігер (психолог) - 1, емдік уқалаушы ( массажист) - 5 маман бар. Сондай-ақ, қосымша олимпиадалық ауылдан тыс 2 дәрігер, 9 емдік уқалаушы (массажист) бар. Жалпы, Париж олимпиадасында 23 маман жұмыс атқарып жатырмыз. Айта кетерлік жайт, барлық дәрігер мен массажисттер ең бірінші бекітілген спорт түрі бойынша жарыс кестесі біткенге дейін жұмысын атқарып, біткен соң командамен бірге елімізге оралады. Алдын ала «Спортты дамыту дирекциясы» және «Ұлттық Олимпиадалық комитет» бірге ақылдасып, кезекшілік кестесі бойынша жұмыстарын атқаруда.
- Сіздердің негізгі, нақты атқаратын қызметтеріңіз қандай?
- Біздің негізгі міндетіміз ұлттық құрама спортшыларын, ҚР делегациясына медициналық-биологиялық, алғашқы көмек көрсету. Жалпы физикалық жүктемеден кейінгі және сырқат, жарақаттардан кейінгі қалпына келтіру (реабилитация) және жарыс алдында, жарыстан кейінгі писихо-эмоционалдық қолдау іс-шараларын атқару.
- Егер бір спортшы жаттығуда, не болмаса жарыс барысында жарақат алып қалса, ары қарай жарысқа жібермеуге сіздер пәрмен бере аласыздар ма?
- Егер спортшы осындай жауапты жарыс алдында немесе кейін қандай да бір жарақат алып жатса, ең бірінші команда дәрігері тікелей команда басшыларымен ақылдасылып, соңында бас дәрігерлермен бірге консилиум жасалып, біржақты шешімі шығарылады. Жалпы, бұл жарақаттың түр-сипатына, ақыры қандай ауыр жағдайға әкелуі мүмкін асқынулар және ең бастысы спортшының денсаулығын бірінші орынға қойып шешілетін процесс.
- Әңгімеңізге рахмет!