Париждегі ЮНЕСКО штаб-пәтерінде Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына арналған концерт өтеді
АСТАНА. KAZINFORM – Биыл 24 қыркүйек күні Париж қаласындағы ЮНЕСКО штаб-пәтерінде қазақтың әйгілі күйші, композиторы, дирижер Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына арналған «Ғасыр әуендері: Тілендиевке тағзым» атты мерекелік концерт өтеді.

2023 жылдың қараша айында ЮНЕСКО-ның Бас конференциясы бұл датаны 2024 - 2025 жылдары ұйымның қатысуымен аталып өтетін мерейтойлар тізіміне ресми түрде енгізді. Бұл шешім оның өз халқына ғана емес, бүкіл адамзат мәдениетіне қосқан зор үлесін айқындайды.
Мәдениет және ақпарат министрлігі мәліметінше, алдағы іс-шараның басты мақсаты – халықаралық ең беделді сахналардың бірінде қазақ халқының музыкалық мұрасының бай екенін жеткізу.
Нұрғиса Тілендиев осы мұраны сақтап, көпшілікке насихаттаған жандардың бірі болды. Ол өз шығармашылығы мен негізін қалаған «Отырар сазы» фольклорлы-этнографиялық халық аспаптар оркестрі арқылы қазақ музыкасына жаңа туындылар мен жаңа жанрлар әкелді. Оның шығармашылығы Орталық Азияның көшпелі өркениеттерінің бай дәстүріне сүйеніп, еуропалық классикалық музыканың үздік үлгілерінен де нәр алды. Композитор бұрынғы КСРО, Еуропа мен Азияның көптеген елдерінде өнер көрсетті.
Концерт бағдарламасында композитордың әйгілі туындыларын «Отырар сазы» оркестрі орындайды. Ұжымның көркемдік жетекшісі әрі дирижері –Дінзухра Нұрғисақызы Тілендиева.
Сонымен қатар ЮНЕСКО сахнасында Қазақстанның белгілі әртістері өнер көрсетеді.
Айта кетейік, Қырғызстанда Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына арналған концерт өтті.
Мәскеудегі «Геликон-опера» музыкалық театрында ұлы қазақ композиторы Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына арналған «Әлқисса» атты шығармашылық кеш өтті.
ЮНЕСКО штаб-пәтерінде Нұрғиса Тілендиевке арналған көрме ашылды.
Бейжіңде Нұрғиса Тілендиевтің мерейтойына арналған мәдени кеш өтті.
Нұрғиса Тілендиевке 100 жыл: барлық өңірде 100-ге жуық іс-шара өтеді.