Парижден кейінгі алғашқы дода: Қазақ боксшылары Шымкенттегі халықаралық турнирде бақ сынайды
АСТАНА. KAZINFORM – Париж Олимпиадасынан кейін біраз үзіліс алған қазақ боксшылары шаршы алаңға қайта оралмақ. Ұлттық құраманың үздіктері Шымкентте өтетін Қарақозы Әбдәлиевті еске алуға арналған халықаралық турнирде бақ сынайды.

ҚР Бокс федерациясы мәлім еткендей, осымен 43-рет өткізілгелі отырған бәсекеге биыл бас команданың көшбасшыларынан бөлек, шетелдік былғары қолғап шеберлері бақ сынамақ. Кеңес Одағының батыры Қарақозы Әбдалиевті еске алуға арналған турнир дәстүрлі түрде өткізіліп келеді.
Шымкент төрін дүбірге бөлейтін сында ұлттық құрамадарн бөлек, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Украина құрамаларынан спортшылар келеді. Түркия және Египет құрамаларымен де келіссіөздер жүріп жатқаны белгілі болды.
Қарақозы Әбдәлиевті еске алуға арналған турнирге Қазақстаннан төрт құрама қатысады. Алайда, Ұлттық құраманың бірінші нөмірлі боксшылары арасынан Асланбек Шымбергенов, Қамшыбек Қоңқабаев (+92 келі) және Нұрбек Оралбай (80 келі) бұл турнирге қатыспайтыны айтылған.
Қарақозы Әбдәлиевті еске алуға арналған турнир 29 қыркүйек пен 5 қазан аралығында Шымкент қаласында өтеді. Айта кетелік, бұған дейін бас бапкер Қайрат Сәтжанов Шымкенттегі турнирдің маңызы туралы айтқан болатын.
«Олимпиада ойындары аяқталған соң, бокстан ересектер командасы қандай да бір жарысқа қатысқан жоқ. Алдағы уақытта Қарақозы Әбдәлиевті еске алуға арналған ірі халықаралық бәсеке өтеді. Бұл додада ұлттық құрама спортшыларының барлығы да бақ сынап көреді. Турнирге дейін Түркістан облысындағы «Алма тау» базасында Украина құрамасымен бірлескен жаттығу жиынын өткіземіз. Бір айта кетерлігі, халықаралық турнирге Түркия, Өзбекстан, Тәжікстан сынды мемлекеттерден спортшылар келеді. Осы турнир ұлттық құрама боксшылары үшін алдағы Азия біріншілігіне іріктеу болатынын еске саламын», - деді Сәтжанов.
Естеріңізге сала кетейік, кеше бокс федерациясы жаңадан жасақталған бапкерлер құрамын жариялады.