Паркинсон ауруының өзі емес, ілеспе патологиялары қауіпті – Махмұт Мырзахметов

Махмұт Мырзахметов
Фото: Алматы Орталық клиникалық ауруханасының баспасөз қызметі

Бүкіл әлемде Паркинсон ауруынан мүгедектік пен өлім-жітім көбейіп келеді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, соңғы бірнеше жылда бұл ауруға шалдыққандар саны екі есеге артқан. Паркинсон ауруының қазіргі таңда емі жоқ, бірақ емдеу өмір сүру сапасын сақтауға көмектеседі. Ауруды айтарлықтай жеңілдететін терапия бар. Алматыдағы ҚР Президенті Іс Басқармасына қарасты Орталық клиникалық ауруханасының невролог-дәрігері Махмұт Мырзахметов Kazinform тілшісіне Паркинсон ауруы қазақстандықтар арасында қаншалықты жиі кездесетінін және оны қалай анықтауға болатынын айтып берді.

Паркинсон ауруының қаупі неде және одан құлан-таза айығу мүмкін бе?

– Бұл – бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Ауру көбінесе егде жастағы, 60-тан асқан адамдарға әсер етеді. Паркинсон ауруы консервативті түрде, яғни дәрі-дәрмекпен емделеді. Кейбір дәрі-дәрмектердің жанама әсері болуы мүмкін. Олар қабылдаудың дозасы мен жиілігіне байланысты шамамен 5 жыл бойы жақсы әсер ете алады, бірақ кейбір науқастар оның жанама әсерін сезінеді, өйткені терапия күрделі, біріктірілген және бірнеше дәріден тұрады. Ауру дендеп кетсе, әдеттегі дәрі-дәрмектің көмегі нашарлайды. Осы кезде Паркинсон ауруын хирургиялық жолмен емдеуге көшеміз. Бұл – deep brain stimulation (DBS) деп аталатын әдіс. Адамның миына электродтар имплантталады, содан кейін олар сым арқылы импульстік генераторға қосылады, ол кеуде қуысына енгізіледі. Импульстік генератор компьютер арқылы басқарылады. Опеарциядан кейін науқастар бізде оңалту және кешенді емделуден өтеді. Ота дерттен толық айықтырып жібермейді. Бірақ науқастардың өмірін жеңілдетеді

– Мұндай операциялар қаншалықты жиі жасалады?

– Біз жылына 30-дан астам операция жасаймыз. Мұның бәрі мемлекеттің қаржыландыруына және науқастардың жағдайына байланысты. Барлық науқас операцияға жарай бермейді, өйткені кейбірінде ілеспе диагноздары бар. Паркинсон – бір ғана ауру емес, ол қозғалыс бұзылыстары тобына кіреді. Тремор, қозғалыстың баяулауы – паркинсонизм синдромдарына жатады.

– Тегін отаға ілігу үшін алдын ала тіркелу керек пе?

– Иә, Қазақстан азаматтары үшін хирургиялық араласулар тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) аясында квота бойынша жүргізіледі, ал шетелдіктер үшін операция ақылы. Электродтарды орнату шамамен 8 миллион теңге тұрады, бұл – тек шығын материалдары. Жалпы, бізге басқа елдерден науқастар көп келеді. Біздің ауруханада операция жасау үшін барлық қажетті жағдай жасалған, жоғары санатты мамандар жұмыс істейді.

– Паркинсон ауруымен ұзақ өмір сүруге бола ма?

– Иә, бұл – ауру созылмалы. Ол емделмейді, бірақ оның белгілері мен салдарын жеңілдетуге, емделудің, хирургияның және физикалық оңалтудың алуан түрлері арқылы пациенттің өмір сүру сапасын жақсартуға болады. Егер терапия дұрыс таңдалса және науқаста ілеспе аурулары болмаса, онда ол қалыпты өмір сүре алады. Адам Паркинсон ауруының өзінен өлмейді, тек ілеспе патологиялардан қайтыс болады.

Махмұт Мырзахметов
Фото: Алматы Орталық клиникалық ауруханасының баспасөз қызметі

– Паркинсон ауруының негізгі белгісі қандай?

– Аурудың негізгі белгілері – қолдың, аяқтың және дененің дірілдеуі, қозғалыс белсенділігінің шектелуі, қозғалыстың баяулауы, бұлшық еттердің тырысып, қатып қалуы. Паркинсон ауруы – ең алдымен қозғалысқа әсер ететін жүйке жүйесінің үдемелі ауруы. Паркинсон ауруында мидағы белгілі бір нейрондар біртіндеп өледі. Көптеген симптомдар допамин деп аталатын химиялық зат шығаратын осы нейрондардың жоғалуынан болады. Допамин деңгейі төмендеген кезде әртүрлі когнитивті бұзылулар пайда болады. Жүріп-тұру еркіндігі шектеліп, тепе-тендік жоғалуы мүмкін.

– Ұстанатын өмір салты да әсер ететін шығар, иә?

– Өмір салты да әсер етеді. Оның ішінде алкоголь, неврология мен психиатрияда қолданылатын кейбір препараттар да бар. Бірақ кез келген жағдайда аурудың пайда болуына ықпал ететін генетикалық компонент бар. Паркинсон ауруының нақты себептері әлі анықталған жоқ, бірақ оның даму механизмдерінің бірі нейрондардың біртіндеп дегенерациялануы және дофамин өндірісінің төмендеуі екендігі дәлелденді.

– Ауру жастар арасында жиі кездесе ме?

– Сирек. Бұл негізінен инсульт, жарақат, психотроптық және есірткі препараттарды қабылдаған жағдайда пайда болуы мүмкін. Негізі 50 және одан жоғары жастағы адамдар шалдығады.

– Бұл дертке шалдыққан қазақстандықтар көп пе?

– Иә, бұл ауру қазақстандықтар арасында жиі кездеседі.

Махмұт Мырзахметов
Фото: Алматы Орталық клиникалық ауруханасының баспасөз қызметі

– Паркинсон ауруының алдын алу мүмкін бе?

– Аурудың белгілі бір профилактикасы бар. Ол – салауатты өмір салтын ұстану, дұрыс тамақтану, спортпен шұғылдану, ішімдік ішпеу, темекі шекпеу, стрестік жағдайлардан аулақ болуға тырысу және қан қысымын бақылауға алу.

Сұхбатыңызға рақмет!

Соңғы жаңалықтар
telegram