Парламент агроөнеркәсіп кешенін дамытуға бағытталған заңды қабылдады

АСТАНА. 26 желтоқсан. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жетекшілігімен өткен палатаның жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне агроөнеркәсіптік кешен мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылымда қабылданды.
None
None

Аталған құжат бойынша 12 заңнамалық актіге агроөнеркәсіп кешені мен ветеринария саласын жетілдіруге бағытталған өзгерістер енгізу көзделеді. Сонымен қатар, құжатты әзірлеуге Елбасының Жолдауындағы тапсырмаларын орындау негіз болған. Атап айтқанда, Мемлекет басшысы «жеке инвестициялардың аграрлық өндіріске тәуекелін төмендету үшін заемдарды кепілдендіру мен сақтандырудың мемлекеттік жүйесін енгізу» туралы тапсырма жүктеген болатын.

Заңда инвестициялық салымдар кезінде агроөнеркәсіп кешен субъектілері шығыстарының бір бөлігін өтеу қарастырылады. Осы арқылы олар жаңа өндіріс қуатын құрған кезде немесе қолданыстағысын жаңғырту барысында өздерінің шығыстарын ішінара жаба алады. Мемлекеттік қолдаудың осы бағыты аграрлық секторға инвестицияны арттыруға, агроөнеркәсіп кешенінің басым бағыттарын дамытуға оң ықпал етеді.

Бұдан бөлек, құжат бойынша қайта өңдеуші кәсіпорындардың ауыл шаруашылығы шикізатын сатып алуға арналған шығындарын субсидиялау қарастырылып отыр. Сонымен бірге, мемлекеттік сатып алынатын шикізаттың кейбір түрлерін ғана субсидиялау көзделеді. Атап айтқанда, қант қызылшасы мен сүтті сатып алуға басымдық берілмек. Өйткені, мұндай шикізат түрлері еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды саналып отыр. Бұдан бөлек, заң жобасымен ветеринарлық-санитарлық қағидаларды бұзғаны үшін әкімшілік жауаптылықты қатайту ұсынылады. Сонымен бірге, ауыл тұрғындарын қолдаудың жаңа шаралары да қарастырылады.

Жалпы Парламент қабылдаған заң Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі 2013-2020 жылдарға арналған «Агробизнес-2020» бағдарламасында көзделген мемлекеттік қолдаудың бірқатар мүлдем жаңа құралдарын енгізуге құқықтық негіз жасайды делінеді. Депутаттардың айтуынша, құжат Қазақстанның ДСҰ-ға кіру жағдайында экономиканың ауыл шаруашылығы кешенінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді. Мұның өзі түптеп келгенде еліміздің азық-түлік қауіпсіздігінің жай-күйіне және тұтастай алғанда аграрлық саладағы өндірістің тиімділігіне оң әсерін тигізетін болады.

Соңғы жаңалықтар