Президент жүктеген тапсырмаларды іске асыру үшін сапалы заңдар қабылдау міндеті тұр – Мәулен Әшімбаев
АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты «Президенттің Қазақстан халқына Жолдауын жүзеге асырудағы Парламенттің рөлі» тақырыбында «КИСИ GPS: Gylym. Pikir. Sayasat» Ұлттық сараптама алаңының отырысын өткізді.
Отырысқа ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев қатысып, Мемлекет басшысы өз Жолдауында айтқандай, Үкіметке, Парламентке және мемлекеттік органдарға жүктеген міндеттерді жүзеге асыру үшін барлық мемлекеттік және қоғамдық институттардың бірлескен күш-жігері қажет ететінін атап өтті.
«Ел Президенті Үкіметке бюджет шығыстарын ұтымды ету бойынша пәрменді шаралар қабылдауды және олардың тиімділігіне бақылауды күшейтуді тапсырды. Сонымен қатар, Ұлттық қорды басқару тиімділігін арттыру және бюджетаралық қатынастарды оңтайландыру міндеті қойылды, бұл да жергілікті жерлерде қаражатты тиімсіз пайдалануды болдырмау үшін жетілдіруді талап етеді. Бұл ретте салық саясаты жоғары сапалы экономикалық өсуді ынталандыратын құралға айналуы тиіс», – деді Мәулен Әшімбаев.
Мәулен Әшімбаев Парламенттің рөлін және тәуелсіз сарапшылармен және ғылыми институттармен белсенді ынтымақтастықта жүргізіп жатқан Сенаттың ғылыми-сараптамалық әлеуетті нығайту тәжірибесін ерекше атап өтті. Мұндай ұстаным тиімді және өзекті заңнамалық бастамаларды дамытуға ықпал етеді.
«Сенат заң шығару қызметінің сапасын арттыру үшін ғылыми-сараптамалық қауымдастықпен белсенді жұмыс істеп келеді. Біз сарапшылардың тиімді және өзекті заңнамалық бастамалар әзірлеуге ықпал ететін ұсыныстары мен идеяларын әрдайым ескеруге тырысамыз. Қазір Парламенттің алдында Мемлекет басшысы жүктеген тапсырмаларды іске асыруға арналған сапалы заңдар қабылдау міндеті тұр. Бұл істе Сарапшылар клубы және басқа да алаңдар аясында сарапшылармен жұмыс жандана түседі. Осы ретте бүгінгі талқылау да Парламенттің заң шығару қызметінің сапасын арттыруға ықпал етеді деп сенемін. Біз заңнамалық жұмысты сараптамалық тұрғыдан қамтамасыз етуді көздейтін ұсыныстарға қашанда ашықпыз. Сондықтан сарапшыларды Сенаттың сараптама және диалог алаңдарының жұмысына белсенді қатысуға шақырамыз», - деді М. Әшімбаев.
ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ директоры Еркін Тұқымов өз сөзінде Жолдаудың бірнеше блогы бойынша өз пікірін білдірді. Атап айтқанда, киберқауіпсіздік және онлайн-алаяқтық мәселесі, цифрландыру, адам құқықтары мен жеке деректердің қауіпсіздігіне кепілдік беру арасындағы теңгерімді сақтауға тоқталды.
«Мемлекет басшысының мектептер мен жоғары оқу орындарында қазақстандықтардың түрлі алаяқтық схемаларға қарсы иммунитетін нығайтуға бағытталған қаржылық сауаттылық және цифрлық гигиена негіздері бойынша білім беру бағдарламаларын енгізу туралы тапсырмасын ерекше атап өткім келеді. Биыл ҚСЗИ Өңірлермен жұмыс жөніндегі бөлім құрды, Институттың өңірлердегі өкілдіктері ашылуда. Бір айта кетерлігі, аймақтардағы күн тәртібі кейде жалпыұлттық күн тәртібінен өзгеше. Біздің міндетіміз – өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына мониторинг жүргізу және бұл ретте жалпыұлттық платформаны қалыптастыру. ҚЗСИ жанынан құрылған Өңірлік сарапшылар кеңесін ерекше атап өткім келеді, оның құрамына мемлекеттік саясатты жетілдіру және жергілікті мемлекеттік басқару мен өзін-өзі басқаруды дамыту жөнінде ұсынымдар әзірлеу үшін өңірлерді зерттеудің кешенді бағдарламасын іске асыратын сарапшылар мен талдаушылар кіреді» - деді Еркін Тұқымов.
Іс-шараға қатысушылар Президенттің стратегиялық бастамаларын іске асыруда Парламенттің рөлін күшейтудің, заң шығару процесінің ашықтығы мен жариялылығын арттыру үшін заманауи технологияларды енгізудің, сондай-ақ заңнамалық бастамаларды әзірлеу және талқылауға азаматтық қоғам мен сарапшылар қауымдастығын тартудың маңыздылығын атап өтті.