Парламент Азаматтық процестік кодексті қабылдады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің жобасына Сенат енгізген өзгерістерді қабылдады. Айта кетейік, кодекс жобасы бұған дейін Сенатта үш оқылымда талқыланып, кейіннен құжатқа бірқатар өзгерістер енгізілгендіктен Мәжіліске қайтарылған болатын.
None
None

Жаңа редакциядағы кодекс Қазақстанның құқықтық саясат тұжырымдамасын iске асыру мақсатында және Мемлекет басшысының судьялардың VI съезiнде қойған міндеттерін орындау үшiн әзiрленген болатын. Тұтастай алғанда Азаматтық процестік кодекс жобасы азаматтық-процестiк заңнаманың жеделдiгiн арттыруды, сот iсiн жүргiзуде бiтiмдестiру рәсiмдерiн белсендi қолдану үшiн оны жаңғырту арқылы жеке және заңды тұлғалардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын сотта тиiмдi қорғауды қамтамасыз етуді көздейді. Сонымен қатар, құжаттың ережелерi азаматтардың, мемлекеттiң және заңды тұлғалардың бұзылған немесе дауланып отырған құқықтарын, бостандықтарын және заңды мүдделерiн қорғауды қарастырады. Ондай мүдделерді қалпына келтiру туралы азаматтық сот iсiн жүргiзу талаптарын орындауға, заңдылықты сақтауға, қоғамның заң мен сотқа кадiр-құрметпен қарауын қалыптастыруға бағытталады.

Тоқтала кететін жайт, сенаторлар Мәжіліс мақұлдаған кодекс жобасына негізінен Мемлекет басшысының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыруға байланысты өзгерістер енгізді. Атап айтқанда, Сенат кодекс жобасына Ұлт жоспарының 16-шы қадамындағы үш деңгейлі жүйе құру жағдайында азаматтық істерді қараудың процестік тәртібіне көшу, сонымен бірге, 20-сыншы қадамдағы барлық сот процестерін аудио, бейне таспаға міндетті түрде жазуды енгізуге байланысты толықтырулар енгізді.

Мәжіліс депутаттары Сенат енгізген өзгерістерге келісім беріп, құжатты қабылдау туралы шешім қабылдады. Енді құжат Мемлекет басшысының қол қоюына жолданады.

Соңғы жаңалықтар