Парламент «Білім туралы» ҚР Заңына өзгерістер мен толықтыруларды қабылдады

Заң жобасына Қазақстан Республикасының даму стратегиясы мен Білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасының негізгі ережелері мен 2011 жылғы 28 қаңтардағы Мемлекет басшысының халыққа Жолдауында айтылған тапсырмаларын іске асыруды заңнамалық қамтамасыз етуге қатысты өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.
Заң жобасы бұрын қабылданған «Ғылым туралы», «Назарбаев университетінің мәртебесі туралы», «Назарбаев Зияткерлік мектептері» және «Назарбаев Қоры» туралы ҚР заңдарына сәйкес келтірілген.
Заңда қандай жаңалықтар бар?
Біріншіден, 12 жылдық оқытуға көшуді реттейтін, сондай-ақ «Бейіндік мектептің» құқықтық мәртебесін анықтайтын өзгерістер енгізілген.
Оқулықтардың, оқу-әдістемелік кешендер мен құралдардың сапасына талаптар күшейтілді, оларды апробациялау мен мониторингтен өткізу енгізілді.
Екіншіден, Заңға орта білім сапасын арттыру мақсатында «білім сапасының вертикалін» қалыптастыратын өзгерістер енгізілді.
Үшіншіден, жаңа мемлекеттік бағдарламада қарастырылған педагогтердің мәртебесін көтеру.
Бұл үшін біліктілікті арттырудың ваучерлік-модульдік қаржыландыру жүйесі заңнамалық тұрғыда енгізіледі.
Сондай-ақ лицензияланбайтын жеке педагогикалық қызмет туралы жаңа бап қосылды.
Төртіншіден, мемлекеттік аралық бақылауды алып тасталады.
Аралықбақылау қойылған міндеттерді орындап шықты. Оның орнына оқушылардың оқу жетістіктерін сырттай бағалау (ОЖСБ) жүйесі енгізіледі.
Бесіншіден, орта, техникалық және кәсіптік, жоғары оқу орнынан кейінгі білім беруді жанбасылық қаржыландыруға көшіру заңнамалық тұрғыда қамтамасыз етілген. Бұл педагогтер еңбегінің тиімділігін көтеруге, білім саласындағы мемлекеттік-жеке әріптестікті дамытуға мүмкіндік береді.
Алтыншыдан, мемлекеттік білім беру тапсырысы арқылы медициналық және педагогикалық мамандықтар бойынша жоғары оқу орындарын бітірушілерді міндетті түрде жұмысқа орналастыру қарастырылған.
Бұл шара - әлеуметтік сала үшін өте маңызды.
Жетіншіден, жоғары оқу орындарының жаңа жіктеуіші енгізілді: Олар: ұлттық зерттеу университеттері, ұлттық жоғары оқу орындары, зерттеу университеттері, университеттер, академиялар және институттар.
Бұл жоғары мектептің ғылыми-білім беру қызметінің жалпы деңгейін арттырады.
Сегізіншіден, Болон және Турин процестерінің негізгі принциптерін іске асыру үшін нормативтік-құқықтық база жасау.
Жоғары оқу орнындағы білім алушылар мен профессорлық-оқытушылық құрамның академиялық мобильдігі заң жүзінде қамтамасыз етілді.
Оқу орындарын аккредиттеу жүйесі өзгертіледі. Ол бәсекеге қабілетті ортаға беріліп, халықаралық үлгіде жүргізіледі.
Бакалавриат мамандықтары «Болашақ» бағдарламасынан алынып тасталды. Осыған байланысты заң жобасы мамандардың шетелде тағылымдамадан өту мәселесін реттейді.
Тоғызыншыдан, Техникалық және кәсіптік білім беру мәселелері бойынша да көп өзгерістер бар.
Әлеуметтік әріптестік және кооперативтік оқыту нормалары енгізілді. Олар - мемлекет, кәсіпорын және оқу орындарының корпоративтік жауапкершілігіне негізделеді.
Бұл Елбасының тапсырмасына сәйкес техникалық және кәсіптік білімнің түбегейлі жаңа моделін жасау үшін өте маңызды.
Оныншыдан, енгізілген өзгерістерге сәйкес Үкіметтің, білім беру саласындағы уәкілетті органның және жергілікті органдардың арасындағы өкілеттік нақтыланды.
Жалпы айтқанда осы және басқа да өзгерістер мен толықтырулар (200-ден астам) халықаралық стандарттарға сәйкес келтіретін білімнің құқықтық базасын жетілдіруге бағытталған.