Парламент депутаттары ауыл шаруашылығы саласының мамандарымен кездесті

ОРАЛ. Ақпанның 11-і. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалында елге келген Мәжіліс депутаттары Қабиболла Жақыпов, Шавхат Өтемісов, Виктор Киянский және сенаторлар Рашит Ахметов пен Ерболат Мұқаев өңірдегі ауыл шаруашылығы саласы мамандарымен кездесті,
None
None
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Мәжіліс депутаты Қабиболла Жақыповтың айтуынша, экономиканы тұрақтандыру бағытында алдағы үш жылға ұлттық қордан 350 млрд. теңге бөлінсе, соның 120 миллиарды ауыл шаруашылығына бағытталған. Биылғы көктемгі-жазғы далалық жұмыстар үшін республикалық бюджеттен қаржы осы ақпан айының аяғына дейін аударылмақ. Яғни, салаға мемлекет тарапынан қолдау ұдайы көрсетіле бермек. Дегенмен ауыл шаруашылығында түйінді мәселелер де жоқ емес. ҚР АШМ облыстық аумақтық инспекциясының бастығы Лавр Хайретдиновтің сөзіне қарағанда, 2006 жылға дейін облысқа 600 мың вакцина берілетін. Қазір оның көлемі әлденеше азайып, 6 мыңға түсті. Малдар ауруларға қарсы егілмейтін болғандықтан, құтыру, қарасан сияқты қауіпті дерттер бой көрсетіп қалады. Бұл жөнінде министрлік ДСҰ талабына сәйкес малдарға вакцина егілмеуі керек дейді, бұл қалай? «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» АҚ облыстық филиалының төрағасы Владимир Асанов ауыл шаруашылығындағы техникалардың 90 пайызы әлі жаңартылмағанына тоқталды. Ал Қостанай, Павлодар және басқа бірқатар облыстарда техника керісінше осыншама пайызға жаңадан алынған. Өзге өңірлерде «ТӘБ банкі» сияқты қаржы құрылымдары несиеге қаржы бөлсе, БҚО-да мұндай жұмыс жасалмаған. Сондықтан ауыл шаруашылығы техникаларын алуға субсидия бөлінсе, дұрыс болар еді. Сондай-ақ астықты мемлекеттік сатып алуға бөлінетін қаржы да кешеуілдеп кетіп жүр. Депутаттар мұндай мәселелердің шешілуіне қолұшын беретіндіктерін жеткізді.
Соңғы жаңалықтар