15:42, 12 Ақпан 2009 | GMT +5
Парламент депутаттары кәсіпорындарда кездесулер өткізді
ҚОСТАНАЙ. Ақпанның 12-сі. ҚазАқпарат /Айбатыр Бәймен/ - Бүгін Парламент депутаттары Қостанай қаласындағы «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалында шағын және орта кәсіпкерлік иелерімен кездесті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат. Сенат депутаты Евгений Аман өз сөзінде елдің экономикалық тұрақтылығын сақтау бағытында атқарылып жатқан маңызды іс-шаралар туарлы айтып берді. Кеше Федоров ауданында сүт өнімдерін өндіретін кәсіпорында болғанын, олардың шетелдік өндірушілермен бәсекеге түсуі үшін нақты істер, жаңа технологиялар қажет екені айтылғанын жеткізді.Мәжіліс депутаттары Бағила Баймағамбетова республикалық бюджетте қарастырылған әлеуметтік салаға тиесілі қаражат сол күйінде сақталатынын мәлім етті. Сол секілді құрылысы басталған мектеп, балабақша, аурухана, емхана нысандарының өз мерзімінде салынып, халықтың пайдалануына берілетінін айтты. «Нұр Отан» партиясы өз бағдарламасын толық орындайтынын жеткізді.Кездесуде Валерий Вишниченко жуырда саяси маңызы зор заңдарға Мемлекет басшысы қол қойғанын, осының өзі елдің саяси-экономикалық дамуына үлес қосатынын айтып өтті. Депутат Ольга Николенко бүгінгі таңда елімізде шағын және орта кәсіпкерлікті қолдауға үлкен мән беріліп отырғанын, өйткені жұмыс орындарының сақталуы мемлекетке де, халыққа да аса маңызды болатынын алға тартты.Мәжіліс депутаты Тоқтарбай Қадамбаев кеше Таран ауданында болғанда ел-жұртпен кездесіп, аудандар мен ауылдарда жұмыс орындары жабылмағанын, тұрақтылық сақталып отырғанына көзі жеткенін баяндап берді.Жергілікті кәсіпкерлер банкілерден несие алудың қиындығы, пайыздық көрсеткіштің жоғары екінін айтты. Отандық тауарларды қолдау жөнінде нақты іс-шаралар атқарылуын қалайтындықтарын тілге тиек етті.Депутаттар кәсіпкерлердің сұрақтарына жауап беріп, несиеге бағытталған қаражаттың «ҚазАгро» АҚ арқылы ауыл шаруашылығын өндірушілер үшін 1 наурыздан бастап екінші дәрежелі банктерге жіберілетінін айтты.Кездесуді «Нұр Отан» ХДП облыстық төрағасының бірінші орынбасары Ирина Аронова жүргізіп отырды. Бұл басқосуда көкейкесті мәселелер қозғалып, депутаттар мен кәсіпкерлер екі жақты пікір алмасқанын мәлімдеп, отырысты қорытындылады.