19:35, 12 Ақпан 2009 | GMT +5
Парламент депутаттары Мұнайлы ауданында болып қайтты
АҚТАУ. Ақпанның 12-cі. ҚазАқпарат /Жетібай Шаханұлы/ - Маңғыстау облысынан сайланған ҚР Парламенті Мәжілісі және Сенатының депутаттары Серік Оспанов пен Михаил Бортник Мұнайлы ауданында болды. Астанадан келген қос қонақ аудан әкімдігінде жергілікті билік өкілдері, мәслихат депутаттары, ардагерлер ұйымы, мекеме жетекшілерінен құралған активпен кездесті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Жиында Мәжіліс депутаты С. Оспанов жиналғандарды Парламент, Үкімет деңгейінде атқарылып жатқан жұмыстар, талқыланған соңғы заң жобалары туралы хабардар етті. Сондай-ақ ол қаржы дағдарысына төтеп беру, қаржы саласы мен отандық тауар өндірушілерді қолдау жөнінде айта кетті. «Қазіргі жағдайда еліміз үшін бұл қажетті қадам болып тұр. Өткен 4 айда теңгенің бұрынғы құнын сақтап тұру үшін «Алтын» валюта қорынан 6 млрд. АҚШ доллары көлемінде қаржы шығындалған еді», - деді ол. Ал Парламент депутаты М. Бортник өңірдің мүддесі үшін қозғап жүрген маңызды мәселелерге тоқталды. Дағдарыс кезінде еңбеккерлерді қысқартуға жол бермеу, жаңа жұмыс орындарын ашу, инфляцияны тежеу, азық-түлік өнімдерінің бағасын ұстап тұру туралы пікірлерін ортаға салды. Кездесу соңында депутаттар жиналғандардың бірнеше сауалына жауап берді. Мәселен, теміржол саласына қатысты магистральді желілер бөлімін ашу, Ақтау-Баутино, Ералиев-Құрық, Өзен-Түрікменстан бағытындағы темір жол құрылысын салуды тездетіп қолға алу қажеттігі айтылды. Халық қалаулылары бұл мәселелердің шешімін тауып, Мұнайлы ауданына қатысты жобаларды жүзеге асыруға атсалысатындарын жеткізді.