Парламент депутаттары сенбілікке шықты

АСТАНА. 23 сәуір. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін, 23 сәуір Астана әкімінің қаланы көгалдандыру, санитарлық тазалау және абаттандыру бойынша бекіткен экологиялық айлығы іс-шаралар жоспарына сәйкес «Біз таза қаланы қолдаймыз!» атты ұранмен жалпықалалық сенбілік өтуде. Бұл шараға ҚР Парламентінің депутаттары да атсалысуда.
None
None

Халық қалаулылары елордадағы Сарайшық көшесі бойында ағаш егу жұмыстарымен айналысты. Парламент Мәжілісінен аталған шараға депутаттар, аппарат қызметкерлерін қоса алғанда барлығы 200-ге тарта адам қамтылып отыр. Депутаттар белгіленген орынға 150-ден астам ағаш көшеттерін, оның ішінде пирамида терегі мен қарағаш отырғызды. Мәжіліс пен Сенат депутаттары көгалдандыру шараларын жүргізген орынға арнайы белгі де орнатылады.

«Астана қаласында елорданы көркейту мақсатындағы бірқатар ұжымдардың өздеріне белгіленіп берілген аумақтары бар. Олар сол жердегі тазалықты қадағалап, абаттандыру мен көгалдандыру жұмыстарын жүргізіп, үнемі қамқорлыққа алып отырады. Сол секілді Парламентке де нақты бір аумақты белгілеп берсе, онда тиісті жұмыстарды атқарып, бос уақытымызда отбасымызбен қоғамдық жұмыстарға аралассақ деген тілек бар», - дейді депутаттар. «Бір тал кессең, он тал ек» дейтін даналық сөз бар. Халық қалаулылары жұмыла кіріскен бұл шара жылдар өте келе көгалға оралған елорданың келбетін де қалыптастыруға да үлкен үлес болатыны сөзсіз. Тоқтала кететін жайт, жыл сайын сәуір айында дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын сенбілік барысында ағаш егуден басқа, рұқсат етілмеген жерлерге тасталған қоқыс үйінділерін қала сыртына шығару, құрылыс нысандарының, мектептер, медициналық және басқа да мемлекеттік кәсіпорындардың алаңдарын, сондай-ақ гүл бақтары мен саябақтарды, қалаға кіреберіс автожолдарды қоқыстан тазарту және көгалдандыру жұмыстары жүргізіледі.

Соңғы жаңалықтар
Референдум