13:49, 18 Ақпан 2009 | GMT +5
Парламент депутаттары шалғай ауданда болып, ондағы атқарылған жұмыстарға оң баға берді
ОРАЛ. Ақпанның 18-і. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Батыс Қазақстан облысынан сайланған Мәжіліс депутаттары Қабиболла Жақыпов, Шавхат Өтемісов, Виктор Киянский және сенаторлар Ерболат Мұқаев пен Рашит Ахметов Жаңақала ауданында болып, ондағы атқарылған жұмыстарға оң баға берді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Шалғай ауыл-аймақ тұрғындарына Үкіметтің «Бес батыл қадам» жобасының жүзеге асырылу барысын түсіндіру мақсатында жолға шыққан депутаттар аудан орталығындағы «Нұр Отан» ХДП филиалының күрделі жөндеуден өткен ғимаратын, сауда нүктелері мен салынып жатқан нысандарды аралап шыққаннан кейін аудан активімен кездесу өткізді. Астанадан келген халық қалаулылары жергілікті мәслихат депутаттары, мекеме басшылары, қоғамдық ұйымдар өкілдері тарапынан қойылған экономикалық, әлеуметтік және экологиялық сипаттағы сауалдарға жауап беріп, дағдарысты еңсеру жолында елімізде жасалып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Кездесу соңында В.Киянский аудан әкімі Төлеген Мерғалиевке «Әлеуметтік жауапты менеджмент үшін» берілген «Алтын жүрек» белгісін табыс етті.