Парламент депутаты БЖЗҚ жұмысына аудит жүргізуді ұсынды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының жұмысына қатысты сын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жақында депутат зейнетақы жинағын пайдалану шегін төмендетуді ұсынған еді.

«Менің депутаттық сауалымнан кейін БЖЗҚ баспасөз хабарламасын жариялады. Онда 2014 жылдан бастап 115,2 пайыз инфляция болған кезде зейнетақы активтерінің жинақталған кірісі 119,5 пайызды құрағаны айтылған. Осыны олар жетістік пен табыс ретінде көрсетіп отыр. Бұл деректердің қисынсыздығын түсіну үшін 2014 жылдан бері доллардың теңгеге шаққандағы бағамы 3 есеге өскенін еске сала кетейін. Қарапайым тілмен айтқанда, жай ғана шетел валютасына инвестициялау арқылы БЖЗҚ-ға қарағанда 2 есе көп табыс табуға болатын еді. Соңғы 12 айда БЖЗҚ кірістілігі 6 пайыздан аспады. Осы кезеңдегі азық-түлік инфляциясы 24 пайыздан асты», - деді А.Жамалов Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың атына жолдаған сауалында.

Оның пікірінше, БЖЗҚ қызметінің тиімсіздігі мен ашық болмауы осы тақырып бойынша жеке парламенттік тыңдау өткізуді қажет етеді. Ол үшін жаңа аудиторлық палата БЖЗҚ-ның қаражат жұмсау операцияларына қатысты шұғыл тәуелсіз аудит жүргізіп, активтер мен инвестициялық портфельді қарап шығуы тиіс. БЖЗҚ өзінің тиімсіз жұмысы аясында азаматтардың жинақталған зейнетақы қаражатын пайдалануы мүмкіндігіне барынша қарсылық көрсетіп отыр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, биыл қараша айының соңында Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры зейнетақы қаражатын мерзімінен бұрын пайдаланудың 2023 жылға ең төмен жеткіліктілік шегін белгіледі.


Соңғы жаңалықтар