16:13, 03 Маусым 2014 | GMT +5
Парламент ЕАЭО туралы келісімді күзде ратификациялайды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы келісімді күзде ратификациялайды. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Парламенті Сенатының депутаты Икрам Адырбеков айтты.
«Парламенттің құзырына еліміз қатысқан барлық халықаралық келісімдерді қарау және ратификациялау жатады. Біз енді аталған келісім күзде, қыркүйек айында Парламентке келіп түседі деп ойлаймыз», - деді ол.
Оның айтуынша, құжатты алдымен Мәжіліс мақұлдауы керек, содан кейін оны Сенат талқылайды. Тек сосын ғана ратификациялау үшін қабылданады. «Бұдан кейінгі үдеріс бойынша біз заңнамамызды Құжатпен біріздендіріп, Бірыңғай нарық құру, тауар мен капиталдың еркін айналуы үшін өзгертулер енгізуіміз қажет», - деді И.Адырбеков.
Айта кетейік, ЕАЭО құру туралы келісімге Қазақстан, Ресей және Беларусь Президенттері 29 мамырда Астанада қол қойған болатын. Ал Одақ 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап қызмет ете бастайды деп күтілуде.