Парламент қабылдаған Декларация тарихтың тарауы, бүгінгі ұрпақтың еншісі, келер ұрпақтың мұрасы - Қ.Мәми

Бүгін Қазақстан Республикасы Мемлекеттік тәуелсіздігінің 20 жылдығы Декларациясының қабылдануына орай Сенат төрағасы Қайрат Мәми осылай деп мәлімдеді. Сөз арасында Сенат спикері Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығы Декларациясының қабылдануымен барша қазақстандықтарды құттықтады. «1991 жылы қабылданған Қазақстанның тұңғыш Декларациясы ата-баба арманын айшықтаған, келешекті көздеген құжат болатын. Ал бүгінгі құжат мемлекеттік мерейдің Декларациясы, жеңімпаз халық пен жеңімпаз мемлекеттің Декларациясы. Өйткені бұл Декларация тәуелсіздіктің 20 жылдығында қол жеткізген толайым табыстарды айшықтайды. Бұрын, ондай жетістіктер әртүрлі жерлерде айтылса, қазір бұл ресми құжатқа айналды», - деді сенат төрағасы. Спикердің айтуынша, Декларацияда Елбасы Н.Назарбаевтың әлем мойындаған сарабдал саясатына және Елбасының қалыптастырған қазақстандық жолының ерекшелігіне тарихи баға беріледі. «Менің ойымша, Декларацияны қабылдау арқылы Парламент те өзінің тарихи миссиясын орындады. Өйткені бүгінгі Декларация тарихтың тарауы, бүгінгі ұрпақтың еншісі, келер ұрпақтың мұрасы» , - деді Сенат төрағасы Қ. Мәми.