13:29, 26 Ақпан 2009 | GMT +5
Парламент кеден одағы аясындағы демпингке қарсы шаралар қолдану туралы келісім қабылданды
АСТАНА. Ақпанның 26-сы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары «Үшінші елдерге қатысты арнайы қорғау, демпингке қарсы және өтемақы шараларын қолдану туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды қабылдады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Аталған келісім Үшінші елдердің кедендік аумағынан шығарылатын және Кеден одағы мемлекеттерінің (Беларус Республикасы, Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы) кедендік аумағына арналған өспелі, демпингтік және субсидияланатын тауарлар импортына байланысты туындайтын өзара қарым-қатынастарды анықтайды. Сондай-ақ келісімнің 3-бабына сәйкес тауарларды импорттау кезінде арнайы қорғау, демпингке қарсы немесе өтемақы шараларын енгізуде тиісті тергеулер жүргізіледі. Құжатқа орай тараптар мемлекеттерінің экономика саласындағы елеулі залалдарын жою барысында «арнайы қорғау шараларын» қолданатын болады. Заңда бұндай арнайы қорғау шараларының қолдану мерзімі 4 жылдан аспауы тиіс екендігі көрсетілген.
Сонымен қатар осы бағытта туындаған даулар қатысушы мемлекеттер арасында консультациялар мен келіссөздер арқылы шешілетін болады. Бұндай келіссөздерде даулар өз шешімін таппаса Еуразиялық экономикалық қоғамдастық сотының қарауына жіберіледі.
Келісім 2007 жылғы қазанның 6-сында Душанбе қаласында қол қойылған Кеден одағының шарттық-құқықтық базасын қалыптастыруға, олардан шығуға және оған қосылуға бағытталған Халықаралық шарттардың күшіне ену тәртібі туралы хаттамаға сәйкес күшіне енеді.