10:56, 26 Ақпан 2009 | GMT +5
Парламент Киота хаттамасын қабылдады
АСТАНА. Ақпанның 26-сы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының жалпы отырысында «Біріккен Ұлттар Ұйымының Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік Конвенциясына Киота хаттамасын ратификациялау туралы» Заң қабылданды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Аталған хаттама БҰҰ 1992 жылғы маусымның 11-інде Бразилияда жасаған негіздемелік конвенцияны тиімді іске асыру мақсатында әзірленген. «Жер климатының антропогенді өзгеруі жаһанда экологиялық қауіп тудырып қана қоймай, ол әр мемлекеттің экономикалық, әлеуметтік және саяси салдарына әсер етеді. Қазақстан климаттың өзгеруі туралы негіздемелік Конвенцияны ратификациялады және 1999 жылы Киота хаттамасына қол қойған болатын. Содан бергі 10 жыл ішінде бұл хаттама қабылданған жоқ. Ал оның қабылданбауы климаттың өзгеруі бойынша ғаламдық шешімдер қабылдауда Қазақстанды дауыс беру құқығынан айырып қана қоймай, біздің еліміздің барлық экологиялық бастамаларына тосқауыл болып келеді», - деді заң бойынша баяндама жасаған Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Ысқақов.
Оның айтуынша, Киота хаттамасы 6 парниктік газға қатысты мәселені реттейді. Бұлардың ішіндегі көміртегі оксиді, метан, азот оксиді Қазақстанда өндірілетін болып отыр.
Хаттама негіздемелік Конвенцияны іске асыру жөнінде үш бағыттағы нарықтық тетіктерді көздейді. Біріншіден - негіздемелік Конвенцияның І қосымшасына кірмеген елдерге осындай қосымшаға кірген елдер есебінен парник газдарының шығарылымдарын азайту жөніндегі әртүрлі жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін таза даму тетігі. Екіншіден - негіздемелік Конвенция І қосымшасының елдері арасында ғана жүргізілетін бірлесіп жүзеге асыру тетігі. Үшіншіден - квоталар мен халықаралық сауда жасауға негіздемелік Конвенция І қосымшасының елдері үшін ғана рұқсат етілген тетік. Қазақстан осы үш бағыттың біріншісін ұстануды қолдап отыр.
«Жаһандық дағдарыс және елдің даму қарқынының төмендеуі тұсында Қазақстан ахуалының оң және теріс жақтарын ескере отырып, біз өзімізге сандық міндеттемелерді алмауымыз қажет. Қазақстан таза даму тетіктерінің сценарийі бойынша әрекет жасауы тиіс. Яғни, жобаларды іске асырғаннан кейін шығарылымдарды азайту квоталарын пайдалануымыз керек», - деді Н. Ысқақов.
Бүгінгі күні аталған хаттаманы әлемнің 184 елі ратификациялаған.
Парламент қабылдаған заң Мемлекет басшысының қол қоюына жіберіледі.