Парламент Мәжілісі Қазақстан мен ЕО арасындағы жаңа келісімді әзірлеуге өз үлесін қосуға әзір - В. Бобров
Бұл туралы бүгін «Қазақстан Республикасы - Еуропалық Одақ» Парламенттік ынтымақтастық комитетінің 9-шы отырысы барысында Мәжіліс Төрағасының орынбасары Владимир Бобров мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Төраға орынбасарының айтуынша, Қазақстан мен ЕО арасындағы қазіргі таңдағы ең өзекті мәселе ынтымақтастық туралы жаңа базалық келісімді әзірлеуге қатысты болып отыр. Бұндай тың келісімнің қажеттігі туралы қағидатты шешім бұған дейін қабылданған. «Әрине, тараптар алдында ауқымды жұмыстар күтіп тұр. Бұл ретте Қазақстан Парламентінің Мәжілісі Еуропалық Одақты негізгі сауда-экономикалық және инвестициялық әріптесіміз болғандығын ескере келе, бұндай аса маңызды шараға өз үлесін қосуға әзір», деді В. Бобров.
Сонымен бірге, депутат осы бағыттағы келіссөздердің бірнеше кезеңін ағымдағы жылдың соңына дейін жүргізуге болатынын атап өтті. «Қазақстан мен ЕО арасында жаңа базалық келісімнің болуын өмірдің өзі талап етіп отыр. Дегенмен де, тараптар арасында 1995 жылы қабылданған Әріптестік және ынтымақтастық туралы келісім де әрекет ете береді. Әрине, көптеген параметрлер бойынша бұл құжат ескіріп отыр, бірақ осының аясында да біршама қажетті құқықтық негіздер қаланған», деді ол.