15:22, 07 Маусым 2023 | GMT +5
Парламент Мәжілісі «Масс-медиа туралы» заң жобасын талқылайды
АСТАНА. ҚазАқпарат – Парламент Мәжілісінің қарауына «Масс-медиа туралы» заң жобасы мен ілеспе құжат келіп түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бұл құжаттар Үкіметтің заң жобалау жоспарына сәйкес әзірленді. «Масс-медиа туралы» заң жобасы осы саладағы заңнаманы жетілдіруге бағытталған. Ілеспе заң жобасында үш кодекске және 12 заңға өзгеріс пен толықтыру енгізу жоспарланған. Әлеуметтік-мәдени даму комитеті аталған заң жобалары бойынша қорытынды әзірлеуге дайын», - деді Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетов палатаның жалпы отырысында.
Биыл мамыр айында Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі аталған заң жобаларына қатысты пікір білдірген еді.
«Масс-медиа туралы заң журналистің құқығын айқындайды. Оның мәртебесін белгілеп, бекітеді. Біз әрине, ол заңның да жетілуіне, жүруіне министрлік ретінде көмек көрсетеміз», - деген болатын министр.