17:16, 03 Наурыз 2009 | GMT +5
Парламент Мәжілісінде «Тұтынушылар құқығын қорғау туралы» жаңа заң жобасының таныстырылымы болды
АСТАНА. Наурыздың 3-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Бүгін Парламент Мәжілісінде «Тұтынушылар құқығын қорғау туралы» жаңа заң жобасының таныстырылымы болды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.Аталмыш құжат бойынша баяндама жасаған Индустрия және сауда министрлігінің жауапты хатшысы Вячеслав Советскийдің айтуынша, заң жобасының мақсаты - еліміздің тұтынушыларын қорғау бағытындағы құқықтық-экономикалық және әлеуметтік негіздерді анықтау. Сонымен қатар құжат тұтынушылардың құқын қорғайтын тиімді тетіктерді қалыптастырып, олардың барлығына бірдей жағдайлар жасауды көздейді. «Демократиялық қоғамды дамытудың басты міндеттерінің бірі тауар мен қызмет нарығындағы кәсіпкер мен тұтынушының арасындағы тепе-теңдікті сақтау болып табылады. Бұл орайда жеке бизнестің құқын қорғаушылар баршылық. Оның басты қамқоршысының бірі мемлекет деуге болады. Кәсіпкерлердің қызметін тексеруге мораторий жарияланып, оның екінші жыл қатарынан жалғасуы осы сөзіміздің жарқын дәлелі», - дейді жауапты хатшы.Оның сөзіне қарағанда, қазір бізге кәсіпкерлермен қатар тұтынушы құқығын қорғауды да естен шығармау қажет. Онсыз ешқандай да кәсіпкерліктің дамымайтыны белгілі. Өйткені тұтынушы кез-келген тауардың сапасына әділ баға беріп отыратын құрал іспеттес. «Тұтынушылардың құқығын қорғауға қатысты қолданыстағы заңға 1992 жылдан бері ешқандай өзгеріс енгізілген жоқ. Ал бүгін оны еліміздің барлық заңнамаларына сәйкестендіру қажет болып тұр. Өйткені оның көптеген баптары заман талабына жауап бере алмайды, кей жағдайда тіпті қолданыстағы заңнамаларға қайшы да келіп жатады».Вячеслав Советскийдің айтуынша, құжатта тұтынушыларды қорғаудың негізгі ұстанымдары көрсетілген. Сонымен қатар тұтынушы мен тауарды әзірлеуші арасындағы қатынастарды реттеуге бағытталған баптар бар. Бұған қоса заң жобасына тауардың жарамдылық мерзіміне қатысты сатушы мен оны дайындаушының құқықтары мен міндеттерін белгілейтін баптар енгізілген. Құжатқа қатысты тағы бір жаңалық, оның талаптары бойынша тауарды сатып алушы ғана емес, оны сыйлыққа немесе мұраға алған адам да тұтынушы болып есептеледі.