10:47, 14 Ақпан 2009 | GMT +5
Парламент Мәжілісінің депутаттары қорғалжындық сайлаушылармен кездесті
КӨКШЕТАУ. Ақпанның 14-і. ҚазАқпарат /Жанмұрат Жанайдаров/ - ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Ақмола облысына қарасты Қорғалжын ауданында болып,
сайлаушылармен кездесіп, туындаған сауалдар төңірегінде пікір алмасты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Облыс орталығынан шалғайда орналасқан өңір сайлаушыларымен жүздесуге келген Мәжіліс депутаттары Наталья Геллерт, Майра Айсина, Валерий Котович, Жексенбай Дүйсебаев, Уәлихан Қоңырбаевтар жергілікті бюджеттік мекемелердің бүгінгі тірлік-тынысымен танысып, сайлаушылар сауалдарына жауап беріп отырды. Осындай пікір алмасу барысында аудандық аурухана мен емхана, кәсіптік лицей мен гимназия, қызмет көрсету орталығы, балабақша ұжымдары, ауыл тұрғындары алдында еңбек, зейнетақы, қазіргі экономикалық дағдарыс, теңгенің девальвациясы, шағын және орта бизнесті дамыту, ауыл шаруашылығына қаржылай қолдау көрсету, жеке тұрғын үй құрылысы, жер телімдері, студенттердің әлеуметтік жағдайы әңгіме арқауына айналды.