Парламент мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге бағытталған заңдарды уақытылы қабылдайды – Мәулен Әшімбаев

АСТАНА. ҚазАқпарат – Парламент мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге бағытталған заңдарды уақытылы қабылдайтын болады. Бұл туралы Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
Фото: senate.parlam.kz

«Бүгінгі жиын өте маңызды тақырыпқа арналып отыр. Біздің еліміз қазіргі кезеңде мемлекеттік басқарудың ашықтығы мен тиімділігін қамтамасыз етуге үлкен мән беруде. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев осы салаға ерекше назар аударып отырғанын білесіздер. Бұл бағыттағы басымдықтарымызды да белгілеп берді. Соған сәйкес, мемлекеттік басқару жүйесін бюрократиядан арылтуға және орталықсыздандыруға, сондай-ақ, мемлекеттік органдардың ашықтығын қамтамасыз етуге, қызметшілердің біліктілігін арттыруға арналған іс-шаралар жүзеге асырылуда. Бұл міндеттер қоғамның қажеттіліктеріне сәйкес және тиімді жұмыс істейтін мемлекеттік аппарат, сондай-ақ, тиісті процедураларды қалыптастыруға бағытталып отыр», - деді Сенат төрағасы «Ашық үкімет және басқарудың жаңа мәдениеті: есту, түсіну және әрекет ету» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конеренцияда

Оның атап өтуінше, бұл оңай шаруа емес. Өйткені, мемлекеттік басқару жүйесі – ауқымды әрі күрделі механизм. Инерциясы да аз емес. Оны өзгерту саяси ерік-жігерді, уақытты және табандылықты талап етеді.

«Соған қарамастан осы салада көптеген жұмыстар істелді. Бүгінде ол жұмыстың алғашқы нәтижелерін де көріп отырмыз. Мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы өкілеттіктерді бөлудің жаңа тұжырымдамасы жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, мемлекеттік басқару деңгейлері арасында 500-ге жуық функция қайта бөлінді. Әкімшілік реформаның алғашқы кезеңінің өзінде Үкіметтің 471 функциясы орталық мемлекеттік органдарға берілді. Осы жұмыс аясында жақында Парламент 4 конституциялық заңға, 14 кодекске және 150 заңға түзетулер енгізді. Ендігі кезеңде біршама құзыреттер орталықтан жергілікті органдарға беріледі. Тиісті заңдарды алдағы айларда қабылдауды жоспарлап отырмыз. Жаңа Бюджет кодексін қарастырған кезде де республикалық пен жергілікті бюджетаралық қарым-қатынастырды қайта қарайтын боламыз. Жалпы, Парламент депутаттары мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге бағытталған заңдарды жан-жақты пысықтап, уақытылы қабылдайтын болады»,- деді Мәулен Әшімбаев.

.


Соңғы жаңалықтар