Парламент пен Үкімет бюджеттің ашықтығын қамтамасыз етеді — Сенат төрағасы

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев бұқаралық ақпарат құралдарына арналған брифингте мемлекеттік органдарды бір-біріне қарсы қоймауға шақырды. Ол Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында Парламент те, Үкімет те бюджет-салық реформасын жүзеге асыру үшін бірлесіп жұмыс істеп жатқанын атап өтті. 

Мәулен Әшімбаев
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Сенат төрағасы парафискалдық төлемдер туралы бұдан бұрын Палата отырысында айтылған пікіріне орай журналистердің сұрағына жауап бере келіп, бюджеттің ашықтығын қамтамасыз ету үшін Үкіметпен бірлесе отырып жұмыс жүргізіліп жатқанын тілге тиек етті.

— Бүгін біз Үкіметпен өте тығыз және белсенді жұмыс істеп жатқанымызды атап өткім келеді. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бюджет және салық салаларын тиімді реформалау туралы ортақ міндет жүктеді. Бұл жерде біз Үкіметпен бірге командалық жұмыс жүргізіп жатырмыз. Ешқандай қарама-қайшылық жоқ. Егер бір жерде мәселе туындаса, біз оны дер кезінде көтереміз. Парафискалдық төлемдер туралы мәселе тек өткен жалпы отырыста пайда болған жоқ. Сенат депутаттары осыған дейін бұл жайтты бірнеше рет көтерген болатын. Оған дейін де қозғалғаны есімде. Бірақ, қазір салық және бюджет реформаларының жүзеге асырылуына байланысты осы мәселеге баса назар аударылып отыр. Осыған байланысты Үкіметпен тығыз жұмыс істейтінімізді тағы да атап өткім келеді. Парламент іске асырылып жатқан салық және бюджет реформалары үшін де жауапты. Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында бюджет қаражатын пайдаланудың ашықтығы мен тиімділігін одан әрі арттыра береміз, — деді Мәулен Әшімбаев.

Сондай-ақ Сенат nөрағасы Парламент пен Үкіметтің парафискалдық төлемдер саласындағы және олардың тиімділігін бағалау жөніндегі бірлескен кешенді жұмысы келесі жылдың басынан басталатынына назар аударды.

— Парламент қабылдаған жаңа Бюджет кодексіне сәйкес, қаңтардан бастап (2026 ж.) Үкімет парафискалдық төлемдерді тексеру жөніндегі жұмысты бастайды. Ол біздің заңнамаға енгізілген. Бірлескен ауқымды әрі жүйелі жұмыс басталады (Парламент пен Үкімет). Барлық парафискалдық және басқа төлемдерді қарау керек: олардың тиімділігі, ашықтығы, қолданылуы және тағы басқа. Алдағы уақытта жалпы бағыт бойынша, жалпы бюджет және салық саясаты аясында тиісті шешімдер қабылданады. Үкімет еліміздің бюджет қаражатын пайдаланудың ашықтығы мен тиімділігін арттыруға ниетті және бұл біздің ортақ бағытымыз. Бұл жерде ешкімді қарама-қарсы қоюдың қажеті жоқ екенін тағы да атап өткім келеді. Мемлекеттік органдардың бәрі жұдырықтай жұмылып, Президентіміздің тапсырмалары аясында жұмыс істейміз, — деді Мәулен Әшімбаев.

Бұдан бұрын хабарланғандай, жақында Сенат төрағасы кейбір төлемдерден түскен қаражат бақылаусыз қалып отырғанын айтты.

Соңғы жаңалықтар