Парламент реформасы: Заң шығару бастамасына ие органдар саны артады

АСТАНА. KAZINFORM – Сенат депутаты Нұрлан Бекназаров Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның екінші отырысында заң шығару бастамасы бар органдар саны артатынын айтты.

Конституциялық сот
Фото: Конституциялық сот

- Заң шығаруға бастама жасау құқығы ҚР Президентіне, Құрылтай депутаттарына, Үкіметке, Қазақстан халқы кеңесіне тиесілі және тек Құрылтайда ғана іске асырылатыны көзделген. ҚР Президентінің заң жобаларын қарау басымдығын айқындауға құқығы және тиісті заң жобалары бірінші кезекте, екі ай ішінде қабылдануға тиістігі туралы норма пысықталып, нақтыланды. Құрылтай халықтың өмірі мен денсаулығына, Конституциялық құрылысқа, қоғамдық тәртіптің қорғалуына, елдің экономикалық қауіпсіздігіне қатер төндіретін жағдайларда жедел ден қою үшін Үкіметтің заң шығару бастамасымен енгізілген заң жобаларын жедел қарауға тиіс болады, - деді сенатор.

Ал Құрылтай қабылдаған заң 10 күн ішінде Президентке қол қоюға ұсынылуы керек.

- Құрылтайдың заң жобасын депутаттардың көпшілік даусымен тұтастай қабылдамау құқығы бар. Бас тартылған заң қабылданбады деп есептеледі және бастамашыларға қайтарылады, - деді Нұрлан Бекназаров.

Айта кету керек, бұл айтылып отырған нормалардың бәрі әзірге ұсыныс қана. Нормалардың қайсысы қабылданып, қайсысы Ата заңға енбейтінін референдум шешеді.

Дәл қазір Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның екінші отырысы өтіп жатыр. 

Kazinform агенттігінің қазақ және орыс тіліндегі Telegram арнасында мәтін трансляциясы болады.

Өткен аптада Конституциялық комиссияның алғашқы отырысы өтіп, бір палаталы «Құрылтайдың» функциясы мен құрамы, вице-президент лауазымының мемлекеттік биліктегі орны, заң шығару бастамасын көтеруге хақылы «Халық кеңесінің» құзыреті қандай болатыны айтылған еді.

Соңғы жаңалықтар
Референдум