Парламент саяси партиялар туралы заңға енгізілген өзгерістерді қабылдады

АСТАНА. Қаңтардың 15-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - ҚР Парламент Сенатының бүгінгі жалпы отырысында «Саяси партиялар туралы ҚР Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы қабылданды. Парламент қабылдаған Заң Мемлекет басшысының қол қоюына жіберіледі,
None
None
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Заң жобасы бойынша баяндама жасаған Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед құжатты әзірлеудегі басты мақсат партиялар жөніндегі заңнаманы ырықтандыру және еліміздің партиялық жүйесін одан әрі дамыту екендігін атап өтті. Сондықтан да заңға енгізілген өзгерістер демократиялық үдерістерді ілгерілетуге, Қазақстанның саяси жүйесін одан әрі дамытуға, сондай-ақ қоғам қатынастарының барлық салаларында саяси партиялардың рөлін арттыруға бағытталады. «Құжатты әзірлеу барысында ЕҚЫҰ стандарттарына және «Еуропаға жол» стратегиясына баса назар аударылды. Осылайша, ұсынылып отырған нормалар саяси партиялардың тіркеу рәсімдерін жеңілдетуге, саяси партиялар құру мәселелерін реттеуге, саяси бірлестіктерді қайта ұйымдастыру тетіктерін жетілдіруге бағытталған. Атап айтқанда, қолданыстағы заңға партияның құрылтай съезін дайындау және өткізу жөніндегі ұйымдастыру комитетінің қызметін реттейтін түзетулер қамтылды. Оның ішінде ұйымдастыру комитетін құру партияны құрудың міндетті шарты ретінде қаралды. Сондай-ақ, ұйымдастыру комитетін тіркеу үшін қажетті талаптар және сол комитеттің қызмет ету мерзімі белгіленді. Нақтырақ айтқанда заңға енгізілген түзетулер бойынша ұйымдастыру комитеті саяси партия тіркеуден өткеннен кейін немесе одан бас тартылғаннан кейін өз мәртебесін жоғалтады», деді М. Құл-Мұхаммед. Оның айтуынша, жаңа Заңға сәйкес құрылатын саяси партиялардың атаулары әрекет ету үшін немесе жойылған саяси партиялардың ғана емес, сондай-ақ басқа да қоғамдық бірлестіктердің атаулары мен рәміздерін пайдалануға жол бермейді. Бұдан басқа саяси партияның тіркелуіне қажетті партия жақтастарының санын 50 мың адамнан 40 мың адамға дейін, өңірлерде 700 адамнан 600 адамға дейін азайту көзделеді. Саяси партияларды тіркеуге арналған құжаттар тапсыру мерзімі 2 айдан 4 айға дейін ұзартылады. «Жаңа заң бойынша партия мүшелерінің жалпы санына әсер етпейтін тізімге қатысты бұзушылықтар, тізімге қатысты қателіктер саяси партияны мемлекеттік тіркеуден бас тартуға негіз бола алмайды. Тіркеу рәсімін айтарлықтай қиындататын дәл осы жағдайға ЕҚЫҰ мен басқа да халықаралық ұйымдар бірнеше рет назар аударған болатын. Сондай-ақ осы Заңда саяси партияларды қайта ұйымдастыру бағыты қарастырылады. Мәселен, саяси партиялардың қосылуы, бірігуі, бөлінуі, бөлініп шығуы, қайта құрылуы нақты тетіктермен қамтылады. Жалпы алғанда Заң саяси партияларды құру жұмысын либералдандырып, бюрократиялық кедергілерді жоюға бағытталады, әрі партиялық саяси жүйені дамытудың қисынына негізделіп, еліміздің демократиялық үдерісін тереңдете түседі», деді М. Құл-Мұхаммед.
Соңғы жаңалықтар