12:16, 20 Қаңтар 2009 | GMT +5
Парламент саяси партиялардың үндеуінде көтерілген мәселені толық орындап отыр - Н. Рүстемов
АСТАНА. Қаңтардың 20-сы. ҚазАқпарат/Қанат Мәметқазыұлы/ - Парламент саяси партиялардың үндеуінде көтерілген мәселені толық орындап отыр.

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісі Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің кеңейтілген отырысында, комитет төрағасы Нұрбах Рүстемов осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Н. Рүстемовтың айтуынша, ҚР Парламенті Мәжілісіне 2008 жылғы желтоқсанның 12-сінде республикада тіркелген бірқатар саяси партиялар басшыларының үндеуі келіп түскен. Бұл үндеуде саяси партиялар Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіге Факультативтік хаттаманы ратификациялау туралы заңды шұғыл тәртіппен қарап, қабылдау қажеттігін айтқан болатын. «1966 жылғы желтоқсанның 16-сындағы Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіге Факультативтік хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы Парламент Мәжілісіне 2008 жылғы сәуірдің 11-інде келіп түсті. Мәжіліс регламентте белгіленген мерзімде заң жобасын өндіріске алып, жұмыс тобын құрып, сараптамалық зерттеулер жүргізді. Сонымен бірге, аталған заң жобасы желтоқсанның 18-інде Мәжілістің жалпы отырысында қаралып, мақұлданғаннан кейін Сенатқа жіберілді. Бұдан кейін Мәжіліс мақұлдаған заң жобасы Сенат депутаттары тарапынан белгіленген тәртіппен комитеттерде талқыланып, қаңтардың 15-інде палатаның жалпы отырысында қабылданды. Енді Парламент қабылдаған заң Мемлекет басшысының қол қоюына жіберіледі», - деді Н. Рүстемов.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан 2005 жылғы қарашаның 28-інде Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіні ратификациялаған болатын. Осы Пактіге қатысушы әрбір мемлекет өзінің аумағы шегіндегі және заңды қарамағындағы барлық тұлғаларға жынысы, нәсілдік және ұлттық белгілері, саяси және діни сенімдері бойынша еш кемсітусіз құқықтар мен бостандықтарды қамтамасыз етуге міндетті.
Сонымен бірге, осы Хаттамада Пактінің 6-27 бабындағы ықтимал бұзушылыққа байланысты шағымдарды қарау тетігі берілген. Хаттамаға сәйкес, Пактіге қатысушы мемлекет БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі комитетінің құзіретін танитын болады. Егер, азаматтардың құқықтары бұзылса және елдегі құқықтық қорғаудың барлық құралдары қолданылып болса, Пактіге қатысушы мемлекеттің тікелей заңнамасымен, саясатымен тәжірибесімен, іс-әрекетімен немесе әрекетсіздігімен мүддесі қозғалған кез-келген тұлға мемлекетке қарсы БҰҰ-ның Комитетіне шағым бере алады. Хаттама негізінде хабардар болған мемлекет алты ай ішінде БҰҰ Комитетіне осы мәселені түсіндіретін жазбаша түсінік немесе мәлімдеме ұсынады. Сонымен бірге, осы мемлекет қабылдаған немесе қабылдауы мүмкін болған шаралар туралы да хабарланады.
Қазақстанның Хаттамаға қосылуы азаматтардың құқықтық қорғау мүмкіндіктерін кеңейте түседі. Құжат күшіне енетін болса, еліміз азаматтарының тек республиканың емес халықаралық құқық қорғау ұйымдарының да көмегіне жүгіну мүмкіндігін тудырады.