Парламент сайлауында тергеу изоляторындағы 5 мың адам дауыс береді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат –Қазақстанның қылмыстық-атқару жүйесіндегі 16 тергеу изоляторында тергеу-қамауында отырған 5 мыңнан астам адам бүгін ҚР Парламентінің сайлауында дауыс беруге қатысады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Парламент сайлауында тергеу изоляторындағы 5 мың адам дауыс береді

«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға сәйкес тергеу изоляторларында ұсталатын, үкімі заңды күшіне енбеген еліміз азаматтары жалпыға бірдей сайлау құқығына ие.

Осы ретте, қазір тергеу-қамауында отырған республиканың қылмыстық-атқару жүйесінің 16 тергеу изоляторында жабық сайлау учаскелері құрылды.

«Онда 5 мыңнан астам адам Қазақстан Республикасының кезекті Парламенттік сайлауында дауыс беруге қатысып жатыр.

Сайлау процесі өтетін орындарда тиісті бақылау, күзет және қадағалау қамтамасыз етілген.

Сайлау процесіне қатысушылар барлық қажетті санитариялық-эпидемияға қарсы талаптарды сақтауда.

Биылғы 5 қаңтардағы жағдай бойынша «қызыл» және «сары» аймақтарда болған өңірлерде сайлау комиссиясының барлық мүшелері, оның ішінде байқаушылар алдын ала ПТР-әдісімен COVID-19-ға зертханалық тексеруден өтті.

Сонымен қатар, жабық сайлау учаскелеріне кіру тергеу изоляторларының қызметін регламенттейтін нормативтік құқықтық актілерге және «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңына сәйкес жүргізілді», - деді ҚР ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінен.

Мәлім етілгендей, қазіргі уақытта республиканың тергеу изоляторларында 5 мыңнан астам адам бар.