Парламент Сенаты Төрағасының орынбасары Мұхамбет Көпеев Канаданың Қазақстандағы елшісі Маргарет Скокпен кездесті
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Кездесу барысында екі ел арасындағы қарым-қатынастарды, оның ішінде парламентаралық байланыстарды нығайту мәселелері бойынша пікір алмасылды.
Төраға орынбасарының айтуынша, парламентаралық байланыс екіжақты қатынастардың маңызды құрамдас бөлігі болып табылады. Қазақстан Сенатында Канада Парламентімен ынтымақтастық тобы жұмыс жасайды.
Қазақстанның Канадамен екіжақты ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделілігін атай келе, М.Көпеев екі ел арасындағы өзара іс-қимылдар әлеуеті жоғары деңгейде деген пікір айтты.
«Біздің елдерде саяси және экономикалық салаларда өзара тиімді әріптестікті жан-жақты дамытуға барлық мүмкіншіліктер бар»,- деді Төраға орынбасары.
М.Скок өз кезегінде, Канада мен Қазақстан арасында сауда және инвестициялық қатынастарды тереңдетуге қажетті берік негіздер қалыптасқанын қуаттай келе, ынтымақтастықтың барлық бағыттарында тұрақты жетістіктерге қол жеткізуге болатындығына сенім білдірді.
М.Көпеев канадалық дипломатқа екі ел арасындағы жан-жақты байланыстарды нығайту жолындағы ерен еңбегі үшін алғыс айтып, елшіге Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Төрағасының Алғыс хатын тапсырды.