«Парламент сияқты салиқалы орында, үлкен халықтық мінберде көз шығарып, бас жарып жатудың несі сән?!» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. 1 тамыз. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 1 тамыз, сәрсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
None
None

***

Қазақтың ұлттық спорты қайсы десең, ауызға алдымен көкпар, қазақ күресі және тоғызқұмалақ сияқты ойындары түседі. Осының ішінде анық меншіктейтініміз - қазақ күресі. Міне осы спорт түрі арқау болған мақала «Егемен Қазақстан» газетінде «Ұлттық бренд» деген тақырыппен жарияланды. Шынтуайтына келгенде, қазақ күресі - бекзат өнер екендігіне ерекше тоқталған басылым: «Ал қазақ күресінің бекзаттығы сол, тізеден төмен күреспейді. Жерге құлаған балуанның үстіне мінбейді. Ұятқа санап аяқтан алмайды. Тік тұрып күреседі. Әдістері нағыз еркектердікі. Сырттан шалу, жамбасқа алу, іштен шалу, кеудеге салып басынан асыра лақтыру, тізені бүге беріп, арқадан асыра лақтыру, тобықтан қағу сияқты ғажап әдістері бар», - деп жазады басылым.

***

«Қазақстанда балиғат жасына толмаған жас қыздардың дүниеге бала әкелуі жыл сайын көбейіп отырған көрінеді. Мұны жыныстық және репродуктивтік денсаулық жөніндегі қауымдастық мамандары әлеуметтік зерттеу нәтижесінде анықтапты», - деп жазады «Алаш айнасы» газеті бүгінгі санындағы «Қазақ әдеп, «қырық үйден тыйым» қайда қалды?» деген тақырыптағы мақаласында. Аталған қауымдастық президенті Тамара Жүсіпәлиеваның айтуынша, жыл сайын елімізде 15-18 жас аралығындағы 10 мыңдай жасөспірім қыз дүниеге нәресте әкеледі екен.

 

Осы басылымның тұрақты «Дат!» айдарында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Оразкүл Асанғазымен арадағы сұхбат «Парламент сияқты салиқалы орында, үлкен халықтық мінберде көз шығарып, бас жарып жатудың несі сән?!» деген тақырыппен берілген. Басылым тілшісінің барлық сауалына тұщымды жауап берген халық қалаулысы: «Дегенмен «ауызды қу шөппен сүрте беру» де орынсыз. Тәуелсіздік жылдарында қазақ көбейді, Жаратқан иеміз қаласа, көбейе де бермек. Ұлттық сана-сезіміміз де өсті. Бүгінгі сапалық деңгейі артқан қазақ мектебінің  оқушылары ертең билікке келеді, мемлекеттік маңызы бар шаруалардың тұтқасын ұстайды. Сонда сапалық деңгейіміз бүгінгіден де еселеп арта түседі. Өз басым осыған бек сенімдімін», - дейді.

***

«Казахстанская правда» газетінің жазуынша, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қазақ­стан­дық спортшы Майя Манезаға Лондондағы ХХХ Олимпиялық ойындарда алтын медаль жеңіп алуымен және Олимпиада рекордын жасауымен құттықтап, жеделхат жолдады. «Лондондағы ХХХ Жазғы Олимпиялық ойындардың ауыр атлетика сынындағы тамаша және өте айқын жеңісіңмен құттықтаймын. Алтын медаль жеңіп алып, сен өзіңнің әлемнің үздік спорт­шыларының бірі екеніңді баршаға тағы бір рет дәлелдедің. Өз шеберлігіңнің, мақсаткерлігіңнің және жеңіске деген жігеріңнің арқасында сен қарсыластарыңның үлкен құрметін, миллиондаған жанкүйердің тәнті көңілі мен қолдауын шынайы иелендің. Қазақстандықтарды бұдан әрі де өзіңнің спорттағы жарқын жеңістеріңмен қуанта беруіңе тілектеспін», - делінген құттықтау жеделхатта.

***
14 шекарашы мен «Арқанкерген» бекетінің қорықшысын өлтірді деп айып тағылып отырған Владислав Челах Бас прокуратураға өзіне психологиялық қысым жасалғандығы жайында арыз жазуда. Бұл жайында «Время» газетіндегі «Давление на психику?» деген тақырыптағы мақала айтылған. Басылымға бұл жайында күдіктінің қорғаушысы Серік Сәрсенов мәлім еткен. «Менің қорғалушым шағым жазуда және бүгін не болмаса ертең қамауда отырған мекеменің кеңсесіне тапсыруы тиіс. Ал олар шағымды тіркеп, Бас прокуратураға беруі қажет», - дейді.

***

«Кеше түнгі 1-лер шамасында Алматыдағы 4-ші қалалық клиникалық аурухананың жансақтау бөлімшесінде қылмыскерлер жарақаттаған полиция лейтенанты Ерназ Қожахметов қайтыс болды», - «Известия Казахстан» газеті бүгінгі санындағы «Преступники ликвидированы» деген тақырыптағы мақаласында. 26 жастағы Ерназ өткен жылдан бері шолғыншы полиция полкінің 6 ротасында қызмет ететін еді.

***

Осы тақырыптағы жалғастырған «Экспресс К» газетінің атап өтуінше, Алматыда көздері жойылған қылмыскерлердің экстремизмге еш қатысы жоқ. Қазіргі уақытта полиция олардың аты-жөндерін анықтады. Топтың басшысы 27 жастағы Моңғолия тумасы ата-анасымен Павлодар облысында тұрған. Бұл жайында Алматы қалалық ІІД баспасөз қызметінің басшысы Салтанат Әзірбек мәлім еткен. Оның атап өтуінше, қылмыстық топ 10-даған қарақшылық шабуыл жасаған.

 

Соңғы жаңалықтар