Парламент үш жылдық бюджетті бекітті
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «2026 — 2028 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заңына Сенаты енгізген түзетулермен келісті.
— Биыл 20 қарашада бұл құжат Сенаттың жалпы отырысында қаралды. «2026 — 2028 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заңына Сенат 76 түзету енгізді. Атап айтқанда, өңірлерге берілетін субвенциялар көлемі 17,5 млрд теңгеге ұлғайтылды. Сонымен қатар, 2026 жылы өңірлерді дамытуға қосымша 28,5 млрд теңге бағытталмақ. Бұл қаражат жылу және электр энергиясы салаларын газбен жабдықтауды, жағалауды нығайту жұмыстарын және басқа да бағыттарды қамтиды. Өңірлерге қосымша қаражат бөлудің көзі ретінде Үкіметтің резерві мен үкіметтік борышқа қызмет көрсетуге арналған шығыстар айқындалды. Бұдан бөлек, 79 млрд теңге түрлі мемлекеттік органдар арасында қайта бөлінді. Ал 73,4 млрд теңге бір мемлекеттік органның өз ішінде бюджеттік бағдарламалар арасында қайта бөлінген қаражатқа тиесілі, — деді Мәжіліс депутаты Ұласбек Сәдібеков.
Оның айтуынша, Сенат енгізген түзетулер аталған республикалық бюджет жобасының параметрлерінің теңгерімдігін бұзбайды және өңірлер мен экономиканың тұрақты дамуына бағытталған.
— Осы орайда Мәжілістің Қаржы және бюджет комитеті бұл заңға Сенат енгізген өзшерістермен келісуді ұсынады, — деді депутат.
Дауыс беру барысында палата депутаттары аталған ұсынысқа қолдау білдірді.
Еске салсақ, биыл 20 қарашада Сенаттың жалпы отырысында «2026 — 2028 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заңы талқыланды. Сенат құжаттың жекелеген баптарын жаңа редакцияда ұсынып, оны Мәжіліске қайтарды.