Парламент жылдам төлем жасау жүйелерін реттеуге бағытталған заңды қабылдады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында «Төлемдер мен төлем жүйесі туралы» заң жобасын қабылдады. Заң Елбасының Жолдауында жүктелген міндеттерді және бірқатар тапсырмаларын жүзеге асыру мақсатында әзірленген.
None
None

«Құжат ҚР Президентінің мезеттік төлем жасау жүйелері операторларының қызметін реттеу туралы тапсырмасын орындауға бағытталады. Сонымен бірге, еліміздегі төлем жасау нарығы мен жүйесінің құқықтық негізіне де заман талабына сай өзгерістер енгізу қажеттілігі туындаған. Бүгінгі қолданыстағы заң төлем жүйесін реттеуді толық қамтамасыз етпейді», деді ҚР Ұлттың банкі төрағасы Данияр Ақышев.

Оның айтуынша, халықаралық стандарттардың енуі нәтижесінде  төлем жүйесінің тәсілдері де өзгеріске ұшыраған. «Осыған байланысты төлем нарығының жұмыс істеуі саласында құқықтық негізді құру және қарым қатынастар кешенді реттеу, сондай-ақ төлемдер мен ақша аударымдар рәсімдері бойынша нормаларды жетілдіру мақсатында жаңа заң жобасын әзірлеу қажеттілігі туындады», - дейді ҰБ төрағасы. Оның айтуына қарағанда, заң жобасы банктердің төлем агенттері желісі арқылы төлем қызметтерінің белгілі бір қызметтерін көрсету мүмкіндігін көздейді. Бұл халық үшін базалық банктік қызметтердің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Бұдан бөлек, төлемдер мен ақша аударымдарын жүзеге асыру тәртібі айқындалады. Бұл ретте төлем құралдары, төлемдер мен ақша аударымдарын жүзеге асыру тәсілдері мен негізгі рәсімдері айқындалып отыр. Осыған байланысты заң жобасында банк процестерін жақсартатын және төлемдерді жасау тәсілдерін кеңейтетін құқықтық нормалар қамтылған.

Бұдан бөлек, заң жобасы төлем қызметтерін тұтынушылардың мүдделерін қорғауға бағытталады. Атап айтқанда, банктерде төлемдерді орындау мерзімі төрт күннен екі күнге қысқартылады,  ал 2017 жылдың 1 маусымынан бастап төлемдер күнбе күн атқарылатын болады. Сонымен қатар, тұлғалардың талаптары бойынша банк шоттарынан жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдерді алу барысында төлемдер өндіріп алуға шектеу енгізіледі. Банктер тарифтерінің айқындылығы қамтамасыз етіледі. Мәселен, олардың клиентті төлем операциясын жасағанға дейін комиссияның мөлшерімен таныстыру міндеті енгізіліп, сондай-ақ біржақты тараппен шарттың талаптарын, тарифтерді ұлғайтуға тыйым салынады. ҰБ басшысының айтуынша, заң жобасындағы ережелер бір жағынан төлем қызметтерін дамытуға, екінші жағынан төлем қызметтерін тұтынушылардың қоғам, мемлекеттің құқықтары мен мүдделерін қорғауды қамтамасыз етуге бағытталады. Жалпы заң жобасын қабылдау төлем нарығының айқындылығын едәуір арттыруға, жаңа ойыншылардың қызметін реттеуге, төлем жасау барысын оңтайландыруға, соңғы тұтынушылардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Парламент қабылдаған Заң Мемлекет басшысының қол қоюына жолданады.  

Соңғы жаңалықтар