Парламентаралық одақтың мерейтойлық ассамблеясы Өзбекстанда өтеді

ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Өзбекстанның Олий Мажлис Сенатында Парламентаралық одақ ассамблеясының 150-ші мерейтойлық отырысын ұйымдастыруға жауапты комитет мүшелері бас қосты, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Парламентаралық одақтың мерейтойлық ассамблеясы Өзбекстанда өтеді
Фото: Өзбекстан президентінің баспасөз қызметі

Отырыс барысында ұйымдастыру комитетінің құрамы және іс-шаралар жоспары бекітілді. Мерейтойлық ассамблеяға шет мемлекеттер, оның ішінде Орталық Азия елдері парламенттерінің басшылары мен мүшелері қатысады.

Іс-шара «Парламенттік қозғалыс әлеуметтік прогресс пен әділеттілік жолында» тақырыбымен өтеді. Онда қатысушылар халықты әлеуметтік қорғау, кедейлік деңгейін төмендету, заң үстемдігін орнату бойынша өзара пікір алмасады.

Айта кетейік, президент Шавкат Мирзиёев Парламентаралық одақтың мерейтойлық ассамблеясын биыл 5-9 сәуір аралығында Өзбекстанда өткізуді ұсынған болатын.

Еске салайық, былтыр ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов Женевада өткен Парламентаралық одақ ассамблеясының кезекті мәжілісіне қатысқан болатын.

Сондай-ақ ҚР Парламенті Мәжілісі мен Парламентаралық одақ ынтымақтастықты нығайтуға уағдаласқан еді.

Соңғы жаңалықтар