Парламентаризм институты қабылданатын заңдар сапасына айрықша мән береді - сарапшы

Парламентаризм институты
Фото: Парламентаризм институты

2020 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша ҚР ПІБ жанындағы Материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасының «Парламентаризм институты» шаруашылық жүргізу құқығында құрылды. Институттың негізгі мақсаты - қабылданатын заңдардың сапасын арттыру. Бұл құрылым депутаттардың заң шығару бастамашылдығын жетілдіруге, қоғам мен сарапшылардың пікірін ескеруге және өңірлердегі мәселелерге баса мән беруге ықпал етеді. Осы орайда Kazinform агенттігіне институт құрамындағы Сот жүйесі және құқы қорғау органдары орталығының сарапшысы Шырынбек Оңғаров атқарылып жатқан жұмыстар жайында баяндап берді.

«Парламентаризм институты депутаттарға заңнамаға өзгерістер енгізуде ғылыми негіз жасауда, жаңа нормаларды енгізуде, заң жобаларын әзірлеуде және қаржы-экономикалық есептерді дайындауда, сондай-ақ заңдарды іске асырудың ықтимал экономикалық, әлеуметтік, құқықтық, экологиялық салдарларының болжамдарын әзірлеуді қоса алғанда, олардың заңнамалық бастама жасау құқығын іске асыруға жәрдемдеседі. Мұнда депутаттық корпуспен бірлесіп үкіметтік нұсқаларға балама заңнамалық нормалар пысықталады. Бұл қабылданатын заңдарды сапалы пысықтауға ықпал ететін болады. Еске салсақ, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылғы маусымда Ұлттық құрылтайдың Түркістандағы «Әділетті Қазақстан - Адал азамат» атты екінші отырысында сөйлеген сөзінде мемлекеттік саясатты сапалы сараптамалық-талдамалық сүйемелдеуді қамтамасыз етуге назар аударды. Мемлекет басшысы шешім қабылдау барысында азаматтардың қоғамдық көңіл-күйі, тілектері мен ұсыныстары ескерілуі тиіс екенін атап өтті», - деді Ш. Оңғаров.

Бұл тұрғыда сарапшы мемлекеттік басқарудың тиімділігі көбінесе аналитикалық қамтамасыз етудің сапасына байланысты екенін айтты. Мұның бәрі заңнамалық қызметке қатысты. Атап айтқанда, Парламентаризм институты сарапшылар мен депутаттық корпус арасындағы «көпір» болуға, заң жобаларын әзірлеуге және талқылауға сарапшыларды, ғалымдарды, бизнес әрі салалық қауымдастықтар өкілдерін тартуға жәрдемдесуі тиіс.

«Парламентаризм институтының миссиясы - Қазақстан Республикасы Парламентінің өкілдік және заңнамалық рөлін күшейту арқылы парламентаризмді дамыту. Ал қызметіне қойылатын талаптарға тоқталсақ, депутаттардың заң шығару бастамасы құқығын іске асыруына жәрдемдесу ескерілген. Бұл ретте, қолданыстағы заңдарға өзгерістер енгізу мен жаңа нормаларды қосу аясында ғылыми негіздемені жасау, заң жобасының мәтінін әзірлеу қарастырылған. Егер заң жобасы мемлекеттік кірістерді қысқартуды немесе мемлекеттік шығыстарды ұлғайтуды көздейтін болса, қаржы-экономикалық есептеулер жасау міндетін атқарамыз. Сондай-ақ, заң қолданысының ықтимал экономикалық, әлеуметтік, заңнамалық, экологиялық салдарларының болжамдарын әзірлеп, оларға статистикалық деректер келтіреміз. Мұнымен қоса, заң жобасын Мәжіліске енгізу үшін заңнамада талап етілетін басқа да материалдарды дайындауға назар аударамыз», - деді Шырынбек Оңғаров.

Атап айтқанда, Парламентаризм институтының қызметіне мемлекеттік билік және жергілікті өзін-өзі басқару институттарын дамытудың құқықтық мәселелерін зерттеу; мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттырудың құқықтық тәсілдерін зерделеу; экономикалық және әлеуметтік салалардағы қатынастарды заңнамалық реттеуді дамыту бағыттарын айқындау кіріп отыр.

«Мемлекеттегі және қоғамдағы салаларды заңнамалық реттеу, заңдарды іске асыру әрі құқықтық мониторинг тетігін оңтайландыру бойынша ұсыныстарды талдау мен дайындау мәселесіне ерекше мән береміз. Қолданыстағы заңнаманың, оның ішінде депутаттардың ел өңірлеріне сапарларының қорытындылары бойынша алынған ақпараттың тиімділігін талдау ескерілген. Қоғамдағы салалар бойынша қолданыстағы заңнаманы жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлеу үшін әлеуметтік әрі сараптамалық сауалнама жүргізіп келеміз», - деді сарапшы.

Институт құрылғаннан бастап Қазақстан Республикасының Парламентіндегі оңтайлы әдістерді анықтау мен озық тәжірибені енгізу мақсатында дамыған елдердің парламенттері қызметінің тәжірибесі зерттеліп келеді. Бұдан бөлек, ұлттық заңнаманың Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкестігін зерделеуге де айрықша мән берілген.

«Біз отандық, шетелдік және халықаралық ұйымдармен, жоғары оқу орындарымен, ғалымдармен әрі мамандармен ғылыми байланыстарды, ақпарат алмасуды және бірлескен зерттеулерді, конференциялар мен консультацияларды жүзеге асырып келеміз. Жалпы, VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясында Парламентаризм институты 19 заң жобасын әзірледі. Осы екінші сессияда 26 заң жобасын даярлау жоспарланған. Парламенттік каникул кезеңінде сараптамалық талқылаудың қорытындысы бойынша Мәжіліске 500-ден астам ұсыныс жолдадық. Атқарылып жатқан жұмыстар қарқынды, яғни Мәжіліспен және Сенатпен тығыз байланыста жұмыс істеп жатырмыз», - деді Шырынбек Оңғаров.

Жасанды интеллект Парламент жұмысына қалай әсер етеді?

Жақында Парламентаризм институты және Hellenic OCR Team (Грекия) заң шығару әрі парламенттік қызмет бағытында жасанды интеллект құралдарын әзірлеу саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Hellenic OCR Team - бұл жасанды интеллект саласындағы озық технологияларды қолдануға маманданған және еуропалық парламенттерді цифрландыруда өз технологиясымен көзге түскен.

Парламентаризм институты Сот жүйесі және құқы қорғау органдары орталығының сарапшысы Шырынбек Оңғаровтың сөзіне қарағанда, заң шығару процесіне жасанды интеллектіні енгізу нормативтік-құқықтық актілердің жобаларына ғылыми сараптама жүргізу процесін айтарлықтай жеңілдетеді.

«Екіншіден, талдау деректеріне, сондай-ақ әзірленетін заңдардың қолданылуы тиімділігіне қатысты сенімді индикаторларының міндетті түрде болуымен заңнамалық актілердің сапасы артады. Үшіншіден, заңдардың тиімділігіне кешенді мониторинг жүргізу мүмкіндігі жасалады», - деді сарапшы.

Айта кетейік, биыл 24-26 қазанда Парламентаризм институты Сенаттың жобалық кеңсесімен бірлесіп, депутаттарға, мемлекеттік органдардың өкілдеріне, сарапшыларға, ІТ - қоғамдастыққа заң шығаруды цифрландыруға арналған семинарлар ұйымдастырды

Сондықтан Қазақстан Парламентінің жұмысында цифрлық ассистент іске қосылуы мүмкін. Бұл тұрғыда жасанды интелектіні енгізу жағынан әлемге танылған Hellenic OCR Team командасы тартылуы ықтимал

«Осы саладағы озық тәжірибе Қазақстан Парламентінің жұмысына оңтайлы әсер еткені дұрыс. Сондықтан біздің команда тиісті қолдау жасауға тырысады. Атап айтқанда, технологиялар саясатты басқармауы тиіс, технологиялар осы саладағы жұмысты жеңілдетуге үлес қосуы керек. Жасанды интеллект сияқты заманауи құралдар туралы айтатын болсақ, бұл саладан келетін қауіпті де ұмытпау қажет. Кейінгі бір жылда жасанды интеллект қоғамда, бұқаралық ақпарат құралдарында жиі талқыланып келеді. Дегенмен, жасанды интеллект 70 жыл бұрын пайда болған еді. Содан бері елеулі өзгерісті байқадық. Біз цифрлық ассистентті, яғни көмекшінің қызметін ұсынбақпыз. Оны жекелей депутаттар да, парламент құрылымындағы бөлімдер де, палата төрағасы да емін-еркін пайдалана алады. Канада, Аустралия, Бразилия, Аргентина, сондай-ақ Еуропа парламентінде және басқа да елдерде заманауи бағдарламаларды енгіздік», - деді Hellenic OCR Team командасының негізін қалаушы, доктор Фотиc Фитсилис Сенатта өткен «Парламент жұмысындағы цифрландыру» тақырыбындағы семинарда.

Парламентаризм институтының директоры Қанатбек Сафинов елімізде заң шығару процесіне бірлесе жасанды интеллектіні енгізу қарастырылғанын растады.

«Бізге тиімді заңдар керек. Ал бұл құжаттардың тиімділігін арттыру үшін заңнамалық процесс ең жоғары талаптарға сай болуы тиіс. Осы жағдайда озық технологияларды Қазақстанда енгізген жөн. Бұл технологиялар Парламенттің жұмысын ашық көрсетуге, заң жобаларын талқылау процесін айқын көруге, заңнамалық бағытта келіп түсетін ауқымды ақпаратты саралауға мүмкіндік береді. Осы технология заң шығару бағытында депутаттарға көмектеседі, алайда депутаттарды алмастыра алмайды», - деді Қ. Сафинов.

Бұл технологиялар алдағы 1 жылдың ішінде енгізілмек.

«Жалпы қанша қаражат жұмсалатыны есептелген жоқ. Менің ойымша, бұған қомақты қаражат керек емес. Себебі шетелдік мамандар негізгі екпінді тәжірибе алмасуға қоятынын айтып отыр. Бұл технологиялар арқылы түрлі көмекші бағдарламалар іске қосылады», - деді Парламентаризм институтының директоры.

Соңғы жаңалықтар