16:18, 20 Мамыр 2009 | GMT +5
Парламентте шағын және орта бизнестің мүддесін қорғайтын бірде-бір депутат жоқ - ҚР Сауда-өнеркәсіп палатасының вице-президенті
АЛМАТЫ. Мамырдың 20-сы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Парламентте шағын және орта бизнестің мүддесін қорғайтын бірде-бір депутат жоқ.

Бұл туралы ҚР Сауда-өнеркәсіп палатасының вице-президенті Серік Тұржанов бүгін Алматыда өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.«Парламенттегі депутаттардың көбі шенеуніктердің шекпенінен шыққан. Онда бизнестің жағдайын жақсы білетін маман аз», дейді ҚР Сауда-өнеркәсіп палатасының вице-президенті С.Тұржанов. Оның айтуынша, олардың пікірін тыңдауға құзырлы органдардан ешкім құлықты емес. Ал шағын және орта кәсіпорындар салық органдарының қысымынан күн сайын бірінен кейін бірі жабылып жатыр. Олар «жалған кәсіпкерлік» деген түсінік заңға биыл ғана енгізілгеніне қарамастан, бұдан 3-4 жыл бұрын жабылып қалған кәсіпорындардың төленбеген салықтарын олармен серіктес болған өзге кәсіпорындардан өндіріп алмақ. Бұл заңға қайшы болса да аудандық, қалалық деңгейдегі сот пен прокуратура органдары салық органдарын қолдауда. Бұл жағдай жұмыс істеп тұрған нақты өндірістердің қысқаруына түрткі болуда.