Парламенттің бұрынғы сессияларында осындай қарқынмен қабылданған заң жобалары болған жоқ - С. Әйімбетов

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Парламенті жаңа сессияда Мемлекет басшысының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында атап көрсеткен салаларды заңнамалық қамтамасыз ету мақсатында бірнене заң жобаларын қабылдады. Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Сейітсұлтан Әйімбетов ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында қабылданған заңдардың маңыздылығына тоқталды.
None
None

- Сейітсұлтан Сүлейменұлы , биылғы сессия несімен ерекшеленеді? Қандай заң жобалары талқылаудан өтті?

- Биыл Парламент Мәжілісінің бесінші шақырылымының бесінші сессиясы өте қарқынды басталуымен ерекше болды. Жаңа сессияда 69 заң жобасы келіп түсті. Оның ішінде 58-ін Үкімет ұсынған болса, 11 заң жобасына депутаттар бастамашы болды. Сонымен қатар бұған өткен сессиялардан бері талқылауда жатқан 61 заң жобасын қосыңыз. Оның тоғызын депутаттар әзірлеген болса, қалғаны Үкіметтен келіп түскен.

Біз алғашқы күннен бастап бірінші кезекте Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «100 нақты қадам» Ұлт жоспары - бес институционалдық реформаны іске асыру үшін қажетті заң жобаларын жедел қарап, талқылауға кірісіп кеттік. Қоғам дамуының барлық саласын қамтитын 100 нақты қадамныңәрбір қадамын іске асыру үшін жаңа заңдар қабылдау қажет болды, сондай-ақ қолданыстағы көптеген заңдарға түзетулер енгізу көзделді. Қыркүйек, қазан айларының ішінде Мәжіліс депутаттары заң жобаларын жан-жақты талқылаудан өткізіп, мақұлдады. 23 қараша күнгі мәлімет бойынша Мәжіліс 87 заң жобасын мақұлдап, Сенатқа жіберді.

- Бір-екі айдың ішінде сексеннен астам заң жобасы мақұлданған екен. Бұрын-соңды мұндай мәлімет тіркелген емес. Бір сессияның өзінде жүз шақты заң жобасы мақұлданатын еді ғой?

- Иә, бұрынғы сессияларда осындай қарқынмен қабылданған заң жобалары болған жоқ. Ал бізден барған сол заң жобаларды қазан мен қараша айында Сенат қарады, қазірдің өзінде қабылданған 57 Заңға Мемлекет басшысы қол қойды.

- Заң жобалары Мәжілістің салалық комитеттеріне бөлініп берілетіні анық. Өзіңіз жетекшілік ететін комитет қандай заң жобаларын қарады?

- Жалпы, Палатаға келіп түскен заң жобаларының барлығы да біздің зерделеуімізден өтеді. Басқа салаға қатысты заң жобасы болса да, оған біз қорытынды береміз. Ал біздің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитеті 13 заң жобасын шұғыл түрде қарап, депутаттар берген толықтыруларды талқылап, нақты және қажетті өзгерістерді енгізіп, Мәжілістің жалпы отырысына әзірледі. Палата мақұлдаған жобалар Сенатқа жіберілді. Сенат та тыңғылықты қарап, қабылдады. Қазірдің өзінде соның түгелге жуығына Мемлекет басшысы қол қойды.

Біздің комитет арқылы өткен заң жобалары кәсіпкерлік, өзін-өзі реттеу, құрылыстағы баға белгілеу, сәулет-құрылыс бақылауын, сондай-ақ объектілерді пайдалануға қабылдауды жүзеге асыру, сауда қызметін реттеу, жол-көлік инфрақұрылымын, көліктік логистиканы және авиатасымалды дамыту, жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту, мемлекеттік қызметтер көрсету, индустриялық-инновациялық саясат, арнайы экономикалық аймақтарды жетілдіру мәселелерін қамтиды.

- Мемлекет басшысы қол қойған осы заң жобаларының бірқатарына тоқталып өтсеңіз?

- Еліміздің экономикалық дамуы мемлекеттік қызметтер көрсету бөлігінде қолданыстағы заңнама нормаларын жетілдіруді талап ететіндіктен, заң жобасында мемлекеттік қызметтер көрсету тетіктерін одан әрі дамыту бойынша ұмтылыс жасалды.

Осыған байланысты «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңмен 5 кодекске және 30 заңға толықтырулар енгізілді. Онда «Азаматтар үшін үкімет» мемлекеттік корпорациясы ұғымын заң жүзінде бекіту, сондай-ақ бұрын «Жер кадастрының ғылыми-өндірістік орталығы», «Жылжымайтын мүлік орталығы», «Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорындары көрсеткен қызметтерді Мемлекеттік корпорацияның көрсетуі, мемлекеттік қызметтер көрсету рәсімдерін жетілдіру, мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді оңтайландыру көзделген болатын.

Ал «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне индустриялық-инновациялық саясат мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң Ұлт жоспары «Мемлекет басшысының бес институционалдық реформасын іске асыру жөніндегі «100 нақты қадамның» № 55, 56, 57, 59, 63, 86 қадамдарын іске асыруға бағытталған және неғұрлым қолайлы инвестициялық ахуалды қалыптастыру, энергия сервистік қызметтер нарығын дамыту, Қазақстанда туризм индустриясын одан әрі қарай жүйелі дамыту, нақты өндірістік жобаларды іске асыру үшін жергілікті және шетелдік жоғары технологиялық компанияларды тарту, инновациялық кластерлерді дамыту мақсатында әзірленді.

Индустриялық-инновациялық саясат мәселелеріне заңды бекітілген тұжырымдамалық тәсілдерді жетілдіру, отандық өндірушілерді қолдау, энергия үнемдеуді экономикалық ынталандыру, экономиканың туристік саласын және инновациялық кластерлерді дамыту үшін қосымша жағдайлар жасайды.

Сол секілді «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасындағы жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң «Ұлт жоспары - 100 нақты қадам. Баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет» жоспарын іске асыруға бағытталған.

Бұл Заңның мақсаты Мемлекет басшысының 2012 жылғы 28 қарашадағы Жарлығымен бекітілген Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту тұжырымдамасында көзделген жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту бойынша негізгі тәсілдерді, Жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссияның ұсыныстарын одан әрі іске асыру болып табылады.

Заң тұрғындардың жергілікті маңызды мәселелерді шешудегі рөлін арттыруға; жергілікті өзін-өзі басқару органдарына нақты қаржылық және материалдық ресурстарды беруге, сондай-ақ жергілікті жердегі маңызды өзекті мәселелерді шешу үшін әкімдердің қаржылық және экономикалық дербестігін кезең-кезеңмен және рет-ретімен бекітуге бағытталған.

Тұрғындардың жергілікті маңызды мәселелерді шешудегі рөлін арттыру және оның оларды сапалы шешуіне қатысуы мақсатында жергілікті қоғамдастықтың жиналыстарында талқыланатын мәселелердің тізбесі кеңейтілді.

- Тағы қандай салаларды қамтитын заңдар қабылданды?

- Сонымен бірге «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жол-көлік инфрақұрылымын, көліктік логистиканы және авиатасымалды дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң қабылданды. Бұл осы аталған саланы заманауи жетілдіру мақсатын көздейді. Заңда автомобиль жолдарын басқару жөніндегі Ұлттық оператордың автомобиль жолдарын күтіп-ұстаудағы және жол бойы сервисін дамытудағы жауапкершілігін бекіту бөлігінде Ұлттық оператордың қызметін жетілдіру, сондай-ақ оларға қаржыландырудың балама көздерін тарту және біртіндеп өзін-өзі қаржыландыруға көшу мүмкіндігін беру жолдары заңмен реттелді.

Сондай-ақ тасымалдау процесін жетілдіру және Қазақстан Республикасы көрсететін халықаралық көлік қызметтерінің айқындылығын, икемділігін, жылдамдығын және сервисін қамтамасыз ету үшін құқықтық жағдай жасау, халықаралық талаптарға жауап беретін және мемлекеттің, жеке және заңды тұлғалардың сапалы авиациялық қызмет көрсетулердегі өсіп келе жатқан талабын қанағаттандыруды қамтамасыз ететін мемлекеттің тиімді авиакөліктік жүйесі үшін жағдай жасауға қажетті нормалар қабылданды.

Әуе кеңістігін пайдалану саласында мемлекеттік реттеу, бақылау және қадағалау тетігін жасауды қарастыратын Қазақстан Республикасының авиатасымалдау саласындағы заңнамасы да одан әрі жетілдірілді. Азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органның өкілеттіктері бекітілді, сервисті жақсарту үшін халықаралық мәртебесі бар әуежайлардың халықаралық стандарттар бойынша аудиттен өту талаптары айқындалды.

Осы заң жобаларын қарау барысында бұрынғы сессиядан бері қаралып жатқан заңдар да қолдауға ие болды. Айталық, Қазақ елінің тұңғыш рет Кәсіпкерлік кодексі өмірге келді. Бұл да кәсіпкерлікпен айналысатын азаматтар үшін жаңа мүмкіндіктер ашып отыр. Осы саланы реттеуге қатысты барлық мәселелер бір кодекске біріктірілді.

- Екі-үш айдың ішінде барлық заң жобасын қабылдап қойсаңыздар, енді қарайтын заң жобасы қалмаған шығар?

- Жоқ, қазірдің өзінде Мәжілістің қарауында 40-тан астам заң жобасы бар. Сессия барысында Үкімет, сонымен қатар депутаттар әзірлеп, ұсынатын заң жобалар әлі де келе береді.

Қазір қоғамдық маңызы бар заң жобасының бірі қаралуда. «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» және оның «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ілеспе заң жобасын ерекше атап өтер едім.

Жаңа Заң жобасында құрылыс салушы немесе уәкілетті компания жергілікті атқарушы органға немесе Кепілдік беру қорына біліктілігін растайтын құжаттарды қоса бере отырып, Үлескерлердің ақша қаражатын тарту есебінен тұрғын үй ғимараттарының құрылысын ұйымдастыру жөніндегі қызметтің басталуы туралы кепілдік беру қорымен кепілдік шартын жасасуға немесе рұқсат алуға өтінім жолдаулары тиіс деген норма бар.

Заң жобасында үлескерлердің ақшасын тартуға арналған рұқсаттар беру тәртібін, сондай-ақ рұқсаттың қолданылуын тоқтата тұру, рұқсаттың қолданылуын қалпына келтіру және үлескерлердің ақшасын тартуға арналған рұқсаттан айыру жағдайларын егжей-тегжейлі регламенттеу ұсынылған.

Қабылданып жатқан заңдар қоғамның тұрақты дамуына, халықтың әл-ауқатының жақсара түсуіне, экономикамызға қаржы дағдарысының елеулі әсер етпеуіне алғышарттар жасайды деп сенемін.

- Рақмет әңгімеңізге.

Соңғы жаңалықтар