«Парламенттің жаңаруы уақыт талабы» - республикалық басылымдарға шолу
***
Кеше Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Премьер-Министр Кәрім Мәсімовпен, Парламент Сенатының төрағасы Қайрат Мәмимен, Парламент Мәжілісінің төрағасы Орал Мұхамеджановпен кездесіп, Қазақстан Республикасы Парламентінің мәжілісін тарату және кезектен тыс сайлау өткізу туралы Мәжілістің 53 депутатының үндеуі Президенттің атына келіп түсуіне байланысты консультация өткізілді. Онда көтерілген мәселелер «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санында «Парламенттің жаңаруы уақыт талабы» дегентақырыппен басылды.
Сондай-ақ аталмыш басылымның жазуынша, он айлық қорытынды нәтижесінде өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда, экономиканың маңызды деген алты арқаулық саласында даму көрсеткіші 7,2 пайызды құраған. Сөйтіп әлемдік экономиканың жандануы, экспортқа бағытталған тауарлар бағасының тұрақтылығы, ел ішіндегі сұраныстың артуы осындай көрсеткішке қол жеткізуге негіз болған. Бұл мәселелер кеше Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында мәлім болды. Осы отырыста көтерілген өзге де мәселелер жөнінде білгіңіз келсе, «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санындағы «Он айлық қорытынды ойдағыдай» атты мақаланы қараңыз.
***
«Айқын» басылымы бүгінгі санында «Тараздағы жазықсыз жеті адамның қазасына әкелген қастандық әрекеттер Қазақстанда лаңкесті қаупінің күшейгенін анықтайды»,-деп жазады. Осыған қарай басылым биыл елде бірнеше рет болған лаңкестік оқиғалар осымен тәмам ба? «Егер қайталана қалған жағдайда оған қарсы тұруға қаншалықты дайынбыз»,-деген мәселе төңірегінде түрлі мамандардың пікірлерін ұсынған. Бұл пікірлер «Қаншалықты дайынбыз?» деген тақырыппен беріліп отыр.
Сондай-ақ аталмыш басылым бүгінгі санында «Көше атаулары қашан қазақшаланады», деген тақырыппен мақала жариялап, көкейкесті мәселе көтерді. Басылымның жазуынша, Тәуелсіз отанымыздың тарихын жаңғыртып, жас буын жадына ұлттық идея үшін күрескен жандардың сарабдал есімдерін сіңіріп, мәңгі есте сақтау шаралары немқұрайлы жасалуда. Өңірлердегі жер-су атауларының тарихи қазақы атауларына қайта оралуымен қатар, ұлт пен мемлекеттің жолында аянбай еңбек етіп, үлес қосқан, сол жолда жазықсыз құрбан болған есімдердің берілуі Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойы қарсаңында іске асырылуы керек іс еді, олай болмай шықты. «Ел тұтқасында отырған азаматтар осы мәселені қалт жіберіп алғанға ұқсайды», - деп жазады «Айқын» басылымы.
***
«Алаш айнасы» басылымының жазуынша, Кедендік одаққа байланысты өткен жиында сыраға қандай мәртебе беру жайлы шу шыққаны белгілі. Беларусь үкіметі сыраны алкогольсіз өнім деп санауды ұсынған болатын. Бұл - Кедендік одақта әбден талқыланған тақырып. Мөлдір сусын үшін беларустықтар сыра өнімдері туралы техникалық регламент жасауды ұсынды. Белоруссияда сыра нарығының 80 пайызын пластик ыдыстарға құйылған өнімдер құрайды. Егер сыраны алкогольді өнімдер қатарына қосса, беларустықтардың пластикті шыны ыдыстарға ауыстыруына тура келеді. Бұл көп шығынды қажет етеді. Ресей де сыраға қатысты өз ұстанымдарын жұмсартпақ ниет танытты. Бұл тұрғыда барлық алкогольдік өнімдерді пластик ыдыстарда шығаруға қарсы шыққан Қазақстанды Ресей қолдамай отыр. Бұл шудың соңы немен аяқталғанын «Алаш айнасы» басылымының бүгінгі санындағы «Сыра қазақтың сорына айналып барады» атты мақаладан білуге болады.
Сондай-ақ аталмыш басылым бүгінгі санында Парламент Мәжілісінің депутаты, білікті заңгер Рамазан Сәрпековпен болған сұхбатты жариялады. Онда халық қалаулысы ел Парламентінің қалыптасуы мен оның бүгінгі жетістіктері жөнінде баяндайды. Депутаттың пікірінше, Қазақстан мемлекеттігінің қалыптасуына Жоғарғы Кеңестің қосқан үлесі талассыз. «Мен бұл кезеңді Тәуелсіздік тарихының үлкен әрі маңызды парағы ретінде қарастырамын. Одан кейінгі жаңғыру жылдарындағы Парламенттің елдік қызметі де өз алдына бір төбе»,-дейді депутат. Бұл сұхбат «Алаш айнасы» басылымының бүгінгі санында «Парламент уақыт сынынан сүрінбей өтті» атты тақырыппен басылды.
***
Астанада Тәуелсіздіктің 20 жылдығына арналған еліміздің аймақтарының күндері аяқталды. Бұл күндер елорда тұрғындары үшін нағыз мерекеге айналды десе болады. Астанада үш күнге созылған жәрмеңке ұдайы ұйымдастырылып отырды. Онда қала тұрғындары еліміздің аймақтарының қолжетімді бағамен жеткізілген сапалы тауарларының қызығын көріп қана қоймай, әр аймақ шығаратын өнімдер жөнінде көп мағлұмат алды. Жәрмеңкенің көрігін аймақтағы көркемөнерпаздар ұжымы дайындаған концерт қыздырды. Осы мереке барысында қай аймақтың қай өндірісі тұрғындардың ерекше есінде қалды және жәрмеңкенің өзге де қызықтары жөнінде «Казахстанская правда» басылымының бүгінгі санындағы «Парад регионов» атты мақалада.