Парламенттік бақылау негізінде заңнаманы өзгертуге болады – Қанатбек Сафинов

Қанатбек Сафинов
Фото: umto.kz

Бүгін елордада «Мемлекеттік қызметшілердің цифрлық үкімет аясында заңдардың орындалуын парламенттік бақылаудың нысандары мен әдістерін конституциялық реформалау және оңтайландыру» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Іс-шараны Президент Іс басқармасы жанындағы Парламентаризм институты мен Астана мемлекеттік қызмет хабы ұйымдастырды, деп хабарлайды Kazinform.

«Конференцияның мақсаты – Қазақстан Республикасында жүргізіліп жатқан конституциялық реформаға қатысты парламенттік бақылаудағы өзекті мәселелерді талқылау, «Күшті Президент», «Ықпалды Парламент», «Есеп беретін Үкімет» саяси жүйесінің формуласын бекіту. Сонымен қатар парламенттік бақылауды дамыту мемлекеттік басқаруды цифрландыру жөніндегі жалпы бағыттар аясында қаралуы тиіс», - деді дөңгелек үстел отырысын ашқан Парламентаризм институтының директоры, заң ғылымдарының докторы Қанатбек Сафинов.

Оның айтуынша, елде парламенттік бақылауды жүргізбес бұрын жалпы Парламенттің рөлін, саяси жүйедегі маңыздылығын білу қажет.

«Парламенттік бақылау негізінде заңнаманы және құқық қолдану практикасын өзгертуге, ұсыныстар енгізуге болады. Сондай-ақ, орындаушыларды емес, басшылардың жауапкершілігі туралы мәселені көтере алады. Мемлекеттік дамудың бүгінгі кезеңінде біз қандай да бір жаңа құралдарды ойлап таппауымыз керек. Керісінше әлеуеті зор Конституциямызда неғұрлым белсенді және толық іске асыруға тырысуымыз керек деп санаймын», - деді ол.

Халықаралық конференция жұмысына Парламент депутаттары, мемлекеттік органдар, жетекші ғылыми ұйымдар мен жоғары оқу орындарының өкілдері, көрнекті қазақстандық және Грузияның заңгер-ғалымдары қатысты. Дөңгелек үстел қорытындысында сарапшылар парламенттік бақылау құралдарын одан әрі жетілдіру және қабылданып жатқан заңдарды орындау бойынша ұсыныстар әзірледі.

Айта кетейік, Парламентаризм институты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен 2020 жылы құрылды. Институт депутаттарға заңнамаға өзгерістер енгізуге, жаңа нормаларды енгізуге, заң жобаларын әзірлеуді және қажеттілік бойынша қаржы-экономикалық есептерді дайындауға, сондай-ақ экономикалық, әлеуметтік есептерді әзірлеуге, заңнамалық бастама құқығын іске асыруға көмектеседі.

Соңғы жаңалықтар