«Партиялық тізімнің күші неге жойылды?» - республикалық басылымдарға шолу
***
«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, кеше ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұловтың төрағалық етуімен Комиссияның кезекті отырысы өтті. Онда бір мәселе - «Руханият» партиясының партиялық тізімін тіркеудің күшін жою туралы мәселе қаралды. Отырысқа Комиссия мүшелерімен қатар, халықаралық ұйымдар мен отандық қоғамдық бірлестіктердің байқаушылары, Бас прокуратураның өкілдері және «Руханият» партиясының жетекшілері қатысты. Аталған мәселе жөнінде Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Бақыт Мелдешов баяндама жасады. Оның хабардар етуінше, осы жылдың 27 желтоқсанында Орталық сайлау комиссиясына Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Алтыншаш Жағанованың «Руханият» партиясының партиялық тізімін ұсыну және тіркеу тәртібінің бұзылуы туралы өтінішін қарау нәтижелеріне байланысты тұжырымы келіп түскен. Мақаланың мән-жайын білгіңіз келсе «Партиялық тізімнің күші неге жойылды?» деген тақырыпқа назар аударыңыз.
«Астанадағы «Думан» ойын-сауық орталығында Қазақстан Республикасы Президентінің атынан жетім балалар мен ата-ана қамқорлығынан айырылған балаларға арналған Жаңа жылдық шырша өтті», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті. Басылымның атап өтуінше, осында балаларды Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев LED-дисплейдегі экран арқылы келе жатқан Жаңа жылмен құттықтап, мол бақыт, зор денсаулық, оқуда озат болуға тілектестігін білдірді. «Қымбатты балалар, бүгін байтақ еліміздің барлық өңірінде өнегелі балалар Жаңа жылдық шыршаның айналасына жиналды. Жаңа жыл, ең алдымен, балалар мен бүлдіршіндерге қуаныш сыйлайтын мереке. Мен сендерді, сендер арқылы барша қазақстандық балаларды келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтаймын», - деді Президент Н.Назарбаев.
***
«Ел Үкімет Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен кеше осы жылдағы өзінің соңғы отырысын өткізді», - деп жазады «Айқын» газеті бүгінгі санындағы «Келер жылдан күтеріміз көп» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның атап өтуінше, ең алдымен Министрлер кабинеті Маңғыстау облысынан бейнебайланысқа шыққан «Самұрық-қазына» ӘАҚ басшысы Өмірзақ Шөкеев пен облыс басшысы Бауыржан Мұхамеджановтың Жаңаөзенді қалпына келтіру жұмыстары жайындағы мәліметтерін тыңдады. Осыдан кейін күн тәртібі бойынша Қазақстанның «Қоян жылындағы» экономикалық, «әлеуметтік, демографиялық дамуының алдын ала қорытындылары шығарылды.
***
«Кеше Астанада республиканың Ұлттық қауіпсіздік комитеті Террорға қарсы орталығы Ведомствоаралық үйлестіру комиссиясының (ВҮК) қорытынды мәжілісі болып өтті», деп жазады «Казахстанская правда» газеті. Комиссия жұмысының өзекті мәселелері, соның ішінде мемлекеттік органдардың террорға қарсы іс-қимыл саласындағы өзара әрекеттестіктері қаралды. Комиссия жұмысына 11 республикалық министрлік пен ведомство басшылары мен өкілдері қатысты.