Пашинян Оңтүстік Кавказ өңіріндегі тұрақтылыққа кепіл болатын факторларды атады
ЕРЕВАН. KAZINFORM — БҰҰ Бас Ассамблеясының 81-ші сессиясында сөз сөйлеген Арменияның премьер-министрі Никол Пашинян Оңтүстік Кавказ өңіріндегі тұрақтылықты қамтамасыз етіп, өзара тиімді қарым-қатынастың негізі болатын бірінеше факторды атады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Еревандағы меншікті тілшісі.
Сөз басында Никол Пашинян былтыр қабылданған Армения мен Әзербайжан арасындағы бейбіт келісімге тоқталып, мәмілеге келу жолында қолдау көрсеткен АҚШ президенті Дональд Трампқа алғыс білдірді. Оның айтуынша, қол жеткізілген уағдаластық Оңтүстік Кавказ аймағы үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашты.
— 35 жылға жуық уақытқа созылған қақтығыстан кейін біз қазір Шығыс-Батыс теміржол магистралімен қатар, құбыр және электр желілерін, автомобиль жолдарын салу мәселелерін талқылап жатырмыз. Мұның барлығы TRIPP («Трамптың халықаралық бейбітшілік пен өркендеу бағыты») жобасы аясында жүзеге асырылып келеді. Бұл жоба тұтас Оңтүстік Кавказ өңірінің бейбітшілік қиылысына айналуына мүмкіндік береді, — деп мәлім етті ол.
Сонымен қатар Никол Пашинян алдағы уақытта тиімді шешімін табуы тиіс мәселелерге де назар аударды.
— Армения мен Әзербайжан арасындағы қарым-қатынаста әлі де шешімін табуы тиіс мәселелер бар. Атап айтқанда, хабар-ошарсыз кеткен бірнеше мың адамның тағдырын анықтау бойынша Әзербайжанмен ынтымақтастық орнату жөнінде келісімге қол қойдық. Ресми Ереван миналарды залалсыздандыру жұмыстарын Әзербайжанмен ынтымақтастықта жалғастыруға ниетті. Сондай-ақ, Армения тарапы қақтығыс салдарынан Әзербайжанда ұсталған армяндардың елге оралуын асыға күтіп отыр, — деді Никол Пашинян.
Ол атап өткендей, Армения сыртқы саясатта тиімді теңгерімді сақтауға аса мән береді. Тиісінше, кейінгі бірнеше жылда 10-нан астам елмен стратегиялық қарым-қатынас орнады, олардың ішінде Қазақстан да бар.
— Армения теңгерімді әрі байыпты сыртқы саясат ұстанымын ілгерілете бермек. Бұл — Біріккен Ұлттар Ұйымының негізгі қағидаттарының бірі. Соңғы жылдары біз Қазақстан, Грузия, Франция, Қытай, Нидерланд, Германия, Люксембург, Ұлыбритания, Болгария, Хорватия, Литва, АҚШ және Еуропа одағымен стратегиялық қарым-қатынас орнаттық, — деп қорытындылады Арменияның үкімет басшысы.
Еске салайық, бұған дейін Никол Пашинян TRIPP жобасын жүзе асыру аймақтағы өзара көлік байланысын толық қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін айтып еді.