Паспорт пен жеке куәлікке тапсырыс беретін тағы 26 терминал орнатылады
2024 жылы республика бойынша паспортқа немесе куәлікке тапсырыс беретін 26 терминал орнатылады. Бұл туралы Үкімет отырысында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының төрағасы Арман Кенжеғалиев айтты, деп хабарлайды Kazinform.

«Процестерді цифрландыру жобаларына тоқталсам, бірінші жоба — құжаттандыру терминалдары. Олар арқылы паспортқа немесе куәлікке 5-10 минут ішінде тапсырыс беруге болады. Биометрия және QR төлемі сервисі қолданылады. 9 ай ішінде Астана мен Алматыдағы 12 терминал арқылы 11,5 мыңнан астам өтініш қабылданған. Келесі жылы республика бойынша тағы 26 терминал орнатамыз», — деді ол.
Корпорация төрағасы екінші жоба ретінде қағаз айналымын барынша азайтуды атады.
Оның айтуынша, барлық қызметтен соң қолхат беру тоқтатылды. Қолхаттар мен 78 қызмет бойынша өтініштер электронды форматқа көшкен.
49 қызмет бойынша нәтижені СМС-пен, яғни орталыққа бармай-ақ алуға болады. Бұл бағытта жұмыс жалғасады.
«Үшінші жоба — 24/7 постаматы. Постамат арқылы қызметтің нәтижесін тәулік бойы алуға болады. Астана қаласында пилоттық постамат орнатылып, ол арқылы 1 734 құжат берілді. Жылдың соңына дейін 9 өңірде тағы 14 постамат орнату жоспарланып отыр», — деді Арман Кенжеғалиев.