Пәтер аламыз деп алданған: Астанада Qyran ісі бойынша төрт адам сотталды
АСТАНА. KAZINFORM — Елордада «Qyran» тұрғын үй кешеніндегі жылжымайтын мүлікті сату кезіндегі алаяқтық ісі бойынша үкім шықты. Сот «International Invest Company IIC» ЖШС-нің 4 қызметкерін кінәлі деп танып, 8 жылдан 9 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына кесті.
Қаржылық мониторинг агенттігінің Астана қаласы бойынша департаменті тергеу барысында сотталғандардың сатып алу-сату шарттарын жасасудың орнына мемлекеттік тіркеуге жатпайтын әрі сатып алушыларға меншік құқығын бермейтін брондау шарттарын, кепілақы туралы келісімдер мен алдын ала шарттарды рәсімдегенін анықтады.
Агенттіктің ресми өкілі Ернар Тайжанның сөзінше, сату кеңсесінде ЖШС атынан әлеуетті сатып алушыларға нысандардың макеттері, техникалық паспорттар, сенімхаттар мен компанияның жылжымайтын мүлік нысандарына меншік құқығы бар дегенді растайтындай анықтамалар көрсетілген.
Азаматтарға пәтерлерді, тұрғын емес үй-жайларды және автотұрақ орындарын нарық бағасынан төмен бағаға сатып алу ұсынылып, мәмілелердің толықтай заңды екеніне сендірген. Жәбірленушілер төлемді қолма-қол да, алаяқтық сызбаға қатысушылардың жеке шоттарына аудару арқылы да жүргізген. Бұл операциялар «International Invest Company IIC» ЖШС-нің бухгалтерлік және банктік құжаттарында көрсетілмеген.
Бұдан бөлек, сотталғандар құрылыс салушы компанияның өз қаражатын жымқыруға бағытталған екінші алаяқтық сызбаны да іске асырған.
Олар «International Invest Company IIC» ЖШС атынан клиенттермен жалған сатып алу-сату шарттарын жасап, жылжымайтын мүлік нысандарына меншік құқығын тіркеген. Алайда сатудан түскен ақша компанияның кассасына түспеген.
— Сот 35 жәбірленушінің жалпы сомасы 2,2 млрд теңгеден асатын талап арыздарын қанағаттандырды. Сондай-ақ «International Invest Company» ЖШС пайдасына 3,9 млрд теңге өндіріп алу туралы шешім шығарды. Жәбірленушілерге жалпы құны 1,3 млрд теңге болатын 78 жылжымайтын мүлік нысаны берілді. Тағы 73 нысан адал ниетті сатып алушыларға берілді. Үкім заңды күшіне енген жоқ, — деді Ернар Тайжан.
Бұған дейін Астана прокуратурасы «Qyran» тұрғын үй кешеніне қатысты істі сотқа жолдағанын жазғанбыз.