Пәтерде екі өлік жатыр деп полиция шақыртқан петропавлдық ұсталды

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавл тұрғыны әзілдемек болып, әке-шешесінің пәтеріне өліктер жатыр деп полицейлерді шақырған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Пәтерде екі өлік жатыр деп полиция шақыртқан петропавлдық  ұсталды

Солтүстік Қазақстан облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, «102» қызметіне Петропавлдағы Н.Назарбаев көшесіндегі пәтерлердің бірінде екі өлік жатыр деген хабар түседі. Оқиға орнына бірден тәртіп сақшылары мен жедел жәрдем қызметі жетті. Алайда дүрлігуге негіз жоқ болып шықты. Қаланың 43 жастағы тұрғыны ішімдікке мас болып, жалған шақырту жасап, көңіл көтермек болыпты.

«Біз келгенде пәтер жабық, ешкім болмады. Үй иесі саяжайда, ал әйелі дүкенге кеткен екен. Жалған шақырту жасаған адамды ұстадық. Ол пәтер иелерінің 43 жастағы ұлы болып шықты. Ата-анасынан бөлек тұратын ер адам ішімдікке мас болып, осылайша әзілдемек болыпты», - дейді Полицияның бірінші бөлімінің бастығы Балабек Жахин.

Петропавл тұрғыны енді осы «әзілі» үшін 80 мың теңге айыппұл төлеуі мүмкін. Жалпы облыс орталығында жыл басынан арнайы қызметтерге 95 жалған шақырту түскен. Тәртіп сақшылары мұндай жауапсыздық үшін әкімшілік жаза барлығын еске салады. 30 АЕК мөлшерінде айыппұл қарастырылған. Алайда жалған шақырту апатпен, өртпен күрес барысына шақыртылған болса, айыппұл мөлшері екі есе артады.