Пәтерден ақшаның ұрлануы: Астана тұрғыны өрт сөндірушілерден кешірім сұрады

Бұған дейін хабарлағанымыздай, ағымдағы жылдың 16 наурызында Астанадағы 14 қабатты «Көктем-2» тұрғын үй кешенінде пәтер өртеніп, жалынмен күреске 2 техникамен 16 маман жөнелтілген болатын. Пәтердің жатын бөлмесінде үй-тұрмыстық заттар мен жиһаздар жанып жатқан. Жалын жарты сағатта толықтай сөндірілді.
Кейін баспана иесі Асхат Сұлтанов Фейсбук желісінде пәтерінен қомақты ақша, яғни 15 млн теңге мен 8 мың доллар ұрланғанын жазып, оған өрт сөндірушілерді айыптаған болатын.
Өз кезегінде Төтенше жағдайлар комитеті бұл жағдайға түсініктеме берді. «Оқиға орнында ақша жоғалды деген хабар келген соң Өрт сөндіру қызметінің басшылығы мен полиция қызметкерлері сонда барды. Түсініктемелер алынды. Тексеру жүріп жатыр», - деп хабарлады ТЖК өкілдері.
Бұдан кейін Астанада өртенген пәтерден қомақты ақшаның қалай жоғалғаны анықталған еді. 27 наурызда ҚР ІІМ ірі көлемдегі ақшаны ұрлап, іздерін жасыру үшін баспананы өртеп кеткен күдіктілердің ұсталғанын хабарлады.
Мән-жай анықталғаннан кейін Асхат Сұлтанов Фейсбукте құтқарушылардан кешірім сұраған болатын. Ал бүгін ол №16 мамандандырылған өрт сөндіру бөліміне арнайы келді.
«Құрметті достар! Эмоциямен айтылған және жазылған барлық сөздерім үшін зор өкінішпен кешірім сұраймын. Ол кезде мен қалада емес едім. Барлық ақпарат дәл сол жерде болған достарымнан келіп тұрды. Әлбетте, әу баста «Неге?», «Не болды?» деген сұрақтар санама сап ете түсті. Үйге кіргенімізге үш ай ғана болған еді. Алғашқы нұсқа - бақытымызға қарай қате болып шықты. Десе де, осылардың барлығын эмоциямен жазып жібердім. Жігіттер, тағы да кешірім сұраймын. Өте жедел жұмыс атқарып, адал еңбек еткендеріңіз үшін барлықтарыңызға алғыс білдіргім келеді», - деді Асхат Сұлтанов.
Ол өз сөзінде оқиға болғаннан кейін екінші күні қандай күрделі жағдайлар (өрт сөндірушілердің тергеу кезі - авт.) болғанын түсінетінін айтты.
«Шынымды айтсам, тергеу мені болып жатқан жайлардан аулақ ұстады. Өрттің сымнан шыққаны туралы нұсқа соңғы уақытқа дейін айтылып келді. Маған ештеңе айтпады. Мен күніне бірнеше рет қоңырау шалып, біліп отыруға тырыстым. Мен шынында да оны жасаған сіздер емес екенін үміттене күттім. Себебі, біздің қызметтер бәрін де адал әрі мінсіз атқаратынына сенгім келеді. Дәл осы сұрақтарды тергеуге қоя бердім. Кейін ұрылар ұсталды. Олар (тергеушілер - авт.) ұрылар күдіктің бәрі өрт сөндірушілерге түсетіндей етіп шебер жасағанын айтып берді», - деді ол.
Асхат Сұлтановтың сөзінше, тергеушілер ұрлықты жасаған өрт сөндірушілер емес екенін бірден білгенін, алайда ол туралы мәлімет өзіне тек дүйсенбіде жеткен.