Патриоттарды тәрбиелеу: «Балдәурен» оқу-сауықтыру орталығының тәжірибесі (ФОТО)
Тәрбиенің маңызы мен рөлі қай кезде де маңызды болған. Ал күні бүгін барған сайын артып отыр. Себебі рухани құндылықтардың құлдырау үрдісі орын алып, бұдан ең алдымен жастар мен балалар жапа шегуде.
Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының IV Съезінің жабылуында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Рухани вакуумның етек жаюын тоқтатып, адамзаттың моральдық-адамгершілік құндылықтарының құлдырау қаупін еңсеру қажет», - деген болатын. Елбасының пікірінше, мұнда «жастарды рухани тұрғыдан берік тәрбиелеу, моральдық құлдырау қаупіне қарсы иммунитеттерін қалыптастыру өте маңызды».
"Балдәурен" орталығында патриоттық тәрбие тұрғысынан мақсатты жұмыстар жүргізілуде. Балалар «Балдәуренге» демалуға Қазақстанның 16 аймағынан келеді. Олардың қатарында оқу озаттары, көшбасшылар, шығармашылық талантты балалар бар. Орталықтың педагог қызметкерлері балаларды өз еліне, оның өткеніне, қазіргісі мен болашағына құрметпен қарауға үйретуге, әр жасөспірімнің азаматтық ұстанымының қалыптасуына жағдай жасауға тырысады.
Орталықта «Мен - патриотпын» бағдарламасы сәтті жүргізілуде. Аталмыш бағдарлама балалардың Отан тарихына қатысты білімін арттыруға, дүниетанымын кеңейтуге, ерлік рухында, халық батырлығы мен даналығы негізінде тәрбиелеуге бағытталған. Бағдарламалардың жүзеге асырылуына «Патриоттарды тәрбиелейміз» жобасы ықпал етеді. Жобаны жүзеге асыру формасы әртүрлі. Атап айтар болсақ, Көшбасшылар мектебі, Пікірсайыс мектебі, Шешендік өнер мектебі және т.б. бар.
Әскери-патриоттық бағыттағы шараларды өткізу дәстүрге айналған. Жылсайын орталықта әскери-патриоттық клубтардың «Жеңіс бой түзеу!» атты республикалық слеті өтеді.
«Балдәурен» РОСО-да патриоттық тәрбие берудің түрлі формалары пайдаланылған, қазір де қолданылады. Мысал үшін акциялар, педагогикалық вернисаждар, тақырыптық кештер, халықаралық балалар орталығымен байланыстыратын телекөпірлер, ашық сабақтар, экскурсиялар ұйымдастырылады.
Қазақстан халқы Ассамблеясының он екінші сессиясында сөйлеген сөзінде, «Нұр Отан» партиясының ҚР мемлекеттік рәміздерінің 15 жылдығына арналған республикалық «Менің Қазақстаным» жастар форумында ел Президенті Н.Ә.Назарбаев жаңа буынның тек білімді әрі білікті маман ғана емес, Қазақстанның шынайы патриоттары болуы керектігін баса айтқан болатын.
2016 жылы «Қазақстандық жас патриоттар академиясы» өз жұмысын бастады. Идея авторы «Құрмет» орденінің кавалері, Ы.Алтынсарин атындағы білім академиясының корреспондент-мүшесі Д.Р.Битуова.
Жинаған тәжірибе педагогтар ұжымына Қазақстанның мектеп оқушыларын қазіргідей жағдайларда патриоттық тәрбиелеу жүйесін құруға мүмкіндік береді. Әр ауысымда академия қатары үздік оқушылармен - өз елінің шынайы патриоттарымен толығады.
Өткен бірнеше ауысымда орталықта демалған 415 бала Академия мүшесінің жоғары наградасын алған.
Академия мүшелігіне қатаң конкурстық іріктеуден өткен 7-ші ауысымның қатысушылары қабылданды. 7-ші ауысымға қатысқан 95 бала «Қазақстанның жас патриоты» құрметті атағын иеленді. Балаларға жоғары наградаларды орталықта қонақта болған белгілі ғалымдар, академиктер табыстады. Олардың арасында БЯЗИ ғылыми физика зертханасының директоры Валерий Николаевич Швецов, БЯЗИ ақпараттық технологиялар зертханасының директоры Владимир Васильевич Кореньков, БЯЗИ ядролық реакциялар зертханасының ғылыми хатшысы Александр Владимирович Карпов, БЯЗИ жоғары энергиялар физикасы зертханасының директор орынбасары Юрий Константинович Потребенников, БЯЗИ оқу-ғылыми орталығының өкілі Елена Геннадьевна Карпова, Ядролық физика институты бас директорының орынбасары Буртебаев Насурлла, БЯЗИ ПФО басшысы Любовь Валентиновна Уварова, БЯЗИ халықаралық байланыс бөлімінің инженері Анна Анатольевна Котова, ТФЗ қызметкері Айдос Иссадыков, ТФЗ қызметкері Дамир Талгатович Азнабаев, ЯФИ РМК қаржы қызметінің басшысы Серикбаева Зәмзагүл Таласбаевна, ЯФМ РМК Астана филиалының директоры Максим Владимирович Здоровец бар.
Олар жас патриоттарға рухани өрлеу мен кемелдікке қадам басуға тілектестіктерін білдірді.